Айнұр Тұрсынбаева: Желіге 15 мың теңгенің затын салсақ бәлеге қаламыз
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желі қолдануышларына ренішін жеткізді. Оның себебі де жоқ емес. Айтыскердің айтуынша, көпшілік желіде танымал адамдарды аңдып, олардан кемшілік іздеп отырады екен.
Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева «The эфир» бағдарламасында Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат беріп, көңіліне қаяу салған мәселеелрді ашып айтты.
Өз сөзінде айтыскер танымал адамдарды аңдып, әр жазбасынан кемішілік іздеп, сынап отыратын желі қолданушыларына қайран қалатынын айтты.
«Тимати сынды жұлдыздар әлеуметтік желіге құны бәленбай миллион тұратын көлігін салса, көпшілік құттықтап жатады. Ал бізде миллиондаған ақша тұратын көлік емес, 15 теңгенің затын немесе дұрыс тамақтану туралы жарияласаңыз болды, сынай жөнеледі. «Осылай жазғаныңа ұялмайсың ба? Ел аштықта отыр» деген сыңайлы пікірлер қалдырады», – дейді айтыскер ақын.
Тұрсынбаеваның айтуынша, көпшіліктің жұртты сынап-мінеуіне қанағаттың азая бастағаны себеп болуы мүмкін.
«Біздің қазақ қоғамы қашан да қанағатпен өмір сүріп келген. Бәлкім, сол қанағаттың азая бастағанынан болар. Дағдарыс, теңгенің құнсыздануы деп жатырмыз. Осының бәрі адамдардың көбі үйрене алмай жатқандығынан да шығар. Дамыған мемлекеттер инстаграм, әлеуметтік желі деген сияқты құбылыстан баяғыда өтіп кетті ғой. Олардың қызығы басылды. Біз әлі қызығудамыз. Әлі құмарымыз қанбай жатыр. Ашығын айтсақ, сіздің балаңыз болсын, менің балам болсын, Әзілхан Нұршайықовты танымайды. Кітабын оқыса, миына кірмейді. «Қан мен терді» оқуын сұрасаң, қаны не, тері не екенін білгізе алмаймыз. Ал Дженифер Лопестің қанша баласы бар, кімнен туды, бәрін біледі. Бұл үрдіс қаланың балаларында ғана емес, ауылдың балаларында да қалыптасқан. Мұның соңы қайда апарады? Бұл – сауатсыздық», – деп ашынды Айнұр Тұрсынбаева.
Айтыскер әлеуметтік желі салдарынан қоғамда болып жатқан құбылыстан қорқатынын да жасырмады.
«Мұның аяғы неге әкеп соғатынын болжап айта алмаймын. Бұл рухани жұтаңдану. Бір жағынан қорқамын. Өте қорқынышты. Балаларым кітап оқыған кезде қуанып қаламын. Бұрын біз кітап оқыған кезде: «Кітапқа қадалып, тірлік істемейсің» деп ұрсатын еді. Бізді кітаптан ажырата алмайтын. Қазіргі балалар кітап оқыса болды, оны суретке түсіріп, инстаграмға салады. Құдды бір «Менің балам кітап оқып жатыр», «Біз кітап ұстадық» деген сияқты… Кітап оқу таң қалатын жағдай болып кетті», – дейді айтыскер.
Оқи отырыңыз:
Қазақстандық әнші саясаткерлердің есімдері берілген көшелер туралы ән айтты (видео)
Ерке Есмахан хитке айналған «Алло» әнін шырқай алмайтын болды
Мәдина Сәдуақасованы қолынан тартқан Мақпал Жүнісованы желі қолданушылары сынап тастады (видео)
Қарақат Әбілдина тағы бір кәсіп ашып, тұсау кесуді бизнеске айналдырды (видео)