"Жасыратын ештеңеміз жоқ": Айтбек Амангелді Шерзат соты аяқталғанша көрсете алмаған құжаттарды жариялайды
Фото: Видеодан скрин/Әлеуметтік желіден
Айтбек Амангелді күні кеше аяқталған Шерзат сотына қатысты құжаттарды жариялап, іске байланысты қазақстандықтарды мазалаған сұрақтарға жауап беретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде Шерзат сотына қатысты өзіне көптеген сауалдар келіп түскенін айтты. Сондай-ақ ол сот процесі жүріп жатқандықтан көп нәрсені айта алмағанын жеткізді.
“Біз өз тарапымыздан сот аяқталғаннан кейін бұл мәселеге қатысты өз ұстанымымызды нақтылайтынымызды мәлімдеген едік. Енді сот процесі аяқталғандықтан, біз бұрын көрсете алмаған барлық құжаттарды бірізді түрде жариялауымыз қажет. Себебі ол кезде іс әлі қаралу үстінде болды. Қазір сот шешімі шыққаннан кейін біз өз ұстанымымызды негіздеп айтуға толық мүмкіндігіміз бар”, – деді Айтбек Амангелді.
Ол жәбірленуші тараппен мүдделес болғанымен, өздерінің екі бөлек жолды таңдағанын айтып қалды.
“Бұған дейін біз ешқандай құжатты жария түрде көрсете алмадық, әрі назарды басқа жаққа аударғымыз келмеді. Барлығымыздың мақсатымыз — Шерзаттың өлтірген қаскөйлерді жазалау. Бірақ оған жетудің жолдары әртүрлі. Біреулер үшін қалыпты болған әрекетті, басқалар мүлде қабылдай алмауы мүмкін. Біз адвокаттарымызбен бірге ашық сөйлесуге және барлық сұраққа анық жауап беруге дайынбыз. Біздің жасыратын ештеңеміз жоқ”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Айтбек Амангелді мен қорғаушылар Шерзат Полаттың туыстары қазіргі адвокаттар тобынан бас тартқаны туралы хабарлаған еді. Кейіннен марқұм жасөспірімнің отбасы адвокаттардан бас тартпайтынын мәлім еткен.