Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айтатын боламыз, көрсететін боламын": Ең кең таралған қателіктер

Қазақ тілі – бай әрі көркем тіл. Оны шұбарлаудың, басқа тілмен салыстырудың қажеті жоқ. Бірақ кейбір азаматтар орыс тілінің құрылымын, грамматикасын қазақ тіліне қолданады. Ол – өте үлкен қателік, тіпті, орны толмас олқылық деуге болады. 

Қазіргі таңда тілімізде жиі кездесіп жүрген қателіктердің бірі – «... боламыз», «... болады», «... боламын» түрінде жіберілетін қателіктер. Мысалы, «Мен осы тақырыпты тереңірек айтатын боламын» деген сөйлемде «айтатын боламын» деген құрылым орыс тілінің ықпалынан болған калька. Бұл жерде «Мен осы тақырыпты тереңірек айтамын» десек те жеткілікті. Себебі «айтамын» деген етістіктің құрамындағы -а жұрнағы келер шақ мәнін білдіреді. Бұл қатенің кең таралғаны соншалық, журналистердің, блогерлердің жазбаларында да жиі кездеседі. Тілді насихаттаудың жөні бір басқа да, оны дұрыс қолданудың жөні бір басқа.

Жиі кездесетін грамматикалық қатенің бірі – «барады ма?», «келеді ме?» т.б. сынды қателер. ІІІ жақта жіктелген етістікке «ма, ме» сұраулықтарын қосқанда -ды,-ді жіктік жалғаулары түсіп қалады. Сонда жоғарыдағы қате қолданыс деп тапқан сөздер «бара ма?», «келе ме?» деп қолданылады. 

Кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсақ, осы тектес қателер өріп жүр. Осындай қателіктерді жібермеуге тырысу қажет.
 

Аққибат АҚЖІГІТОВА

STAN.KZ
Жұма, 04 Желтоқсан, 2020 18:26
Талқылау