Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айнұрға жыр айтуға шамаң келіп, билікке дат айтуға қорықтың ба": Қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабекті сынға алды

Айнұр Тұрсынбаеваға жыр арнаған Мұхамеджан Тазабектің басы дауға қалды. Бұл жолы «Асыл арна» директорын блогер Айгүл Орынбек сынға алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.  

Таяуда Түркиядан 125 тыныс алу аппаратын Қазақстанға жіберген Айнұр Тұрсынбаева көптің алғысын алған еді. Айтыскер ақынға жыл лебізін білдіріп, домбырамен мадақ өлең айтқан Мұхамеджан Тазабектің қылығы қоғам белсендісіне жақпаса керек, Айгүл Орынбек facebook парақшасына ауқымды пост жүктеген.  

"Мұхамеджан Тазабек аға! Полицияны жинап, халықты ұрып-соғуға шақырып, уағыз айтып, лекция оқығанда делебең қозып тұрып биліктің тілінде сайрап едің? Халқың шыбындай қырылып жатқанда, Айнұрға жыр айтуға шамаң келіп, билікке дат айтуға қорықтың ба? «Тығып отырған дәрі-дәрмекті шығар» - деп неге айтпайсың? «Тәжіктерге беретін демді, өз ұлтыңа бер» - деп неге сайрамайсың? Халықтың осылай дем жетпей өлуіне, хан жанында жағымпазданып жүрген сендер де кінәлісіңдер! Қолыңа қару ал демеймін, қолыңа Алла домбыра берді, халықтың үнін жеткіз деп! Харам деп тастаған домбыраңды қолыңа қайта алыпсың Айнұр қызға жыр айтуға! Билікке датыңды айтып неге шықпадың?" - деді Айгүл Орынбек.  

Сондай-ақ, блогер бұл жазбасында Мұхамеджан Тазабек басқаратын телеарнаны сынға алып, бұдан былай қоғамдағы көкейкесті мәселеге араласпауын сұрады.  

"Асыл арнаңды" ашып алып жастарды улағанша, «Емдік» арна ашып, халқыңды емдегенде ұлтыңа пайдаң тиер еді. Алланың нұрына, халқыңның алғысына шомылар едің! Қазақ қыздарын барынша орандырып, үнімізді өшіруге барынша тырысып едіңдер! Елдің басына жұт келгенде «Қазақ қыздары» халқына дем беріп, өмір сыйлады! Ұлттың, ұрпақтың жойылмауына қолдарына қылыш пен қамшы алған тағы да сол қазақтың қыздары! Ал сендер қолдарыңдағы соңғы қамшыларыңды да қыздарға беріп қойдыңдар! Бұдан кейін ел алдына шығып сайрамай-ақ қойсаңдар болады! Елдің басына қара күн туғанда ашылмаған жақ, бұдан кейін сайрамай-ақ қойса дұрыс болар еді!" - деп түйіндеді қоғам белсендісі.  

Айгүл Орынбектің бұл посты желідегі жұртқа да жаққан секілді. Жазылған пікірлердің басым бөлігі қоғам белсендісін қолдауға бағыттылған.   «Өте орынды мәселе көтердің, Айгүл Орынбек», «Дұрыс айтасыз! Халықтың сөзін сөйлейтін қыздардың бірегейі – Айгүл Орынбек», «Бәрекелді Айгүл апа, басы кеспек болса да тіл кеспек жоқ!» - деп жазды оқырмандары.  

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Шілде, 2020 15:55
Талқылау