Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айнұр Тұрсынбаева: Жағдайы төмен отбасыларға берілетін киімдерді киіп өстім

Белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева жайлы сөз болғанда, көпшілігі ақынның ұтқан көліктер санын айтып жатады. 14 жасынан айтысқа қатысқан Айнұр бүгінде бақуатты, бақытты әйелдер қатарынды. Десе де ақынның ертеңгі күні не жейтінін уайымдап, жолға ақша таппаған кездері көп болыпты.

Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева «The эфир» бағдарламасында өміріндегі қиын кезеңдер туралы бүкпесіз айтып берді.

Ақын 39 жасына дейін айтыс додаларынан 34 автокөлік ұтқан екен. Алайда Айнұр қолы ашық жандардың қатарынан болып шықты.

«40 жасыма дейін 34 автокөлік ұттым. Оларды сыйлаған, қарсыластарыма беріп кеткен немесе сатқан кездерім болды», – дейді айтыскер.

Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, өткен өмірінде көп қиындық көрген екен. Десе де айтыскер ақшадан қаншама таршылық көрсе де, ешқашан Алладан үмітін үзбеген екен.

«Шынын айтқанда, ақша жинауға ұқыпсызбын.  Бүгін қолымда бар ақшаны бүгін-ақ шаша саламын. Себебі ертеңгі күні Алланың беретініне әбден көзім жетті. Талай ақшадан қысылдық. Мен мектепте оқып жүргенімде жағдайы төмен отбасыларға берілетін киімдерді киіп өстім. Ол кезде киім берілетін. Сабақта отырғанымызда қандай киімге мұқтаж екенімізді жазатынбыз. Мемлекеттен берілген киімдерді сыныптың ортасында тарататын. Жыл сайын солай 2-3 киім алып жүрдім. Бұл менің жалаңаяқ, түгі жоқ болғанымды білдіріп тұр ғой, былай қарасақ. Студенттік кездерімде де қарыным ашқан сәттер көп болды. Троллейбусқа ақша таппай қалатынбыз. Бұл барлық студенттің басындағы жағдай ғой. Өстіп ақшадан қысылып жүрген кездерімде аяқ астынан ақша бұйыратын. Түгім жоқ, қарным ашып, ертең не жеймін деген оймен ұйқыға жататынмын. Бірақ ертесіне ақша табыла қалады. «Мына жерде айтысқа қатыс», – деп хабарласады. Осыдан келе несібем Алладан екеніне көзім жетті», – деп ақтарылды Айнұр Тұрсынбаева.

Ақын психологиямен әуестеніп, өмірінде болып жатқан жайттың бәрі адамның ішіндегі ойға, ниетке байланысты екенін ұққан. Бүгінде ол жүрегінің ешқашан қазіргідей тыныш болмағанын айтты.

«Қазір бәрі бар. Үйім, автокөлігім, ұлым мен қызым, достарым бар. Өзімді толыққанды бақытты әйел деп айтуға құқығым бар. Бақыт деген – жүректің тыныштығы ғой. Ешқашан жүрегім қазіргідей тыныш болған емес», – дейді айтыскер ақын.

Оқи отырыңыз:

Айнұр Тұрсынбаева: Желіге 15 мың теңгенің затын салсақ бәлеге қаламыз

Қазақстандық әнші саясаткерлердің есімдері берілген көшелер туралы ән айтты (видео)

Ерке Есмахан хитке айналған «Алло» әнін шырқай алмайтын болды

Мәдина Сәдуақасованы қолынан тартқан Мақпал Жүнісованы желі қолданушылары сынап тастады (видео)

Талқылау