Айнұр Ілиясова: Таңертең ерте тұрып кеш жатамын, үлкендерге сәлем саламын
Талай рөлдерді сомдап, тележобаларды жүргізген Айнұр Ілиясова қазір декреттік демалыста отыр. Бұған дейін оқырман Айнұрды актриса ретінде таныса, бүгін stan.kz тілшісі оның ана, келін образын ашуды мақсат етті.
– Айнұр, сəлем. Қазір декреттік демалыста отырсыз. Түсірілімдерді сағынбадыңыз ба?
– Декреттік демалыс ең керемет кезең ғой. Барлық қыз – келіншектерге осындай бақыт тілеймін. Бөбегімді иіскеген сайын сөзбен айтып жеткізе алмайтын бақытқа бөленемін. Ал, түсірілімдерге келетін болсақ, шақырулар бар.
Əртүрлі фильмдерге, телехикаяларға ұсыныстар түсуде. Бірақ, мен съемканың қалай өтетінін, қаншалықты ұзаққа созылатынын жақсы білемін. Сондықтан, барлық ұсыныстан бас тартудамын. Себебі, кішкентайым енді ғана тоғыз айлық болды. Əлі емеді. Жəне тəтті қылықтарын шығаруда. “Жұрттың баласы тез өседі ” дейді. Бірақ, ол өтірік.
Өз балаң да көзді ашып-жұмғанша өсіп кетеді екен. Сондықтан, балапанымның тəтті қылықтарын тамашалап, қызықтасам деймін. Қонақ ретінде шақырады. Соған барамын. Ал, əзірге тəулік бойы түсірілім алаңында жүруге уақытым жоқ.
– Ал, қандай келінсіз?
– Супер келінмін деп мақтанып қояйыншы. Əрине, əзіл. Қандай келін екенімді келін болып түскен əулет бағалау керек деп ойлаймын. Бірақ, жақсы келін болуға тырысып жүрмін. Енем қатал емес. Білмегенімді үйретіп, көмектесіп жүреді.
Күнде сəлем саламын деп айта алмаймын. Бастапқы кезде сəлем салдым. Қазір үйге үлкен туысқандар, құда-жекжат келген кезде сəлем саламын.
– Сіздің таң нешеде атып, кешіңіз нешеде батады? Жəне өзіңіздің келіндік өміріңізді “Келінка Сабинкамен” қаншалықты ұқсатасыз?
– Күнделікті таңертең 6:00-8:00 аралығында оянамын. Ал, кеште 23:00-00:00 аралығында ұйқыға жатамын. Осы аралықта барлық үй тірліктеріне де, өзімнің жеке шаруаларыма да үлгеріп қалуға тырысамын. Келінка Сабинка позитивті образ ғой.
Үнемі елдің басын біріктіріп, əртүрлі нəрселерді ойлап тауып жүреді. Сол жағынан кішкене ұқсастығымыз бар.
– Өмірдегі ана образы қаншалықты ұнауда?
– Түн ұйқыңды төрт бөліп сəбиіңізді тербету, емізу, аналық махаббат, уайым, мұның бəрін сезіну үлкен бақыт. Балапанымның есімі – Дария. Есім таңдаған кезде ұзақ ойландық. Кез-келген тілде оңай айтылып, тілге икемді болса дедік.
Ең бастысы қазақша əрі мағынасы терең болғанын қаладық. Қазір тəтті қылықтары күннен күнге көбейіп келеді. Бетін тышырайтып, өзіне ғана түсінікті тілде сөйлеп, билеп, күліп отбасымыздың жарық шырағына айналды. Үйімізде мысық бар.
Сол мысық біздің Дарияның ермегі. Оның əрбір тəтті қылықтарын көру үшін барлық уақытымды қызыма арнаудамын.
– Жүктілік кезеңді еске алайықшы…
– Ол кезең менде өте жеңіл əрі əдемі өтті. Себебі, мен бұрыннан спортпен көп айналысатын едім. Соның да үлкен көмегі тиді. Бассейнге, жүкті əйелдерге арналған йогаға барып, көбірек дəрумендер жедім. Көңілді жүру, салауатты өмір салтын сақтау менің басты өзіме қойған талаптарым болды.
– Ал, жүктілік кезеңде сізді таңқалдырған оқиғалар болды ма?
– Болды. Бұрын жүкті əйелді немесе балалы келіншекті көрсе жол беріліп, кезектен тыс қызмет көрсетілетін еді. Өкінішке орай, қазір олай емес. Қоғамдағы адамдар қатыгезденіп кеткендей көрінеді. Бір -біріне құрметі аз, жүкті əйелдер, сəбиі бар келіншектерді көрсе де ешқандай ілтипат көрсетуге асықпайды.
– Болашақ аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– “Менің аяғым ауыр” деп тоқтаусыз тамақ жеп, көп ұйықтауға болмайды. Көп тамақ жеу артық салмаққа əкеледі. Ал, ол əйел адам үшін өте зиян. Ең бастысы, таза ауа, спорт жəне жақсы көңіл-күй. Бұл ананың да, баланың да денсаулығының зор болуының басты кепілі. Барлық отбасына сəби күлкісін тілеймін.
-Сұхбатыңызға рахмет.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Оқи отырыңыз:
Ернар Айдардың үйлену тойы Таразда дүркіреп өтті (фото,видео)
Махаббат деп осыны айт: Ақбота Керімбекованың жүрегін жаулау үшін күйеуі 10 жыл дайындалған (фото)
Ақбота Керімбекова ата-енесімен ара-қатынасы жайында бар шындықты айтты
Өзбек емеспін: Сиви Махмұди ұлтына қатысты сұрақтың нүктесін қойды