"Айлыққа емес, несиеге өмір сүріп отыр": Соңғы жылдары қазақстандықтардың қарызы көбейген
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, елімізде 881 мың адам банктерге қарызын төлей алмай жүр. Ал әрбір қазақстандықтың орташа қарызы 2,5 миллион теңгеге жеткен. Сарапшылар халықтың айлыққа емес несиеге өмір сүріп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, проблемалық берешектің басым бөлігі – тұтынушылық несие болып отыр. Оның көлемі 550 миллиард теңгеге жеткен. Бұл азық-түлікке, киім-кешекке, дәрі-дәрмекке, тіпті, той жасауға алынған қарыздар. Ал ипотекалық несие көлемі 21,5 миллиард теңге.
Дегенмен, елде проблемалық несиелердің үлесі азайған. 2020 жылы 90 күннен аса мерзімі өткен несиелердің деңгейі 8% , яғни 1,22 триллион теңге болса, биыл 3%-дан сәл ғана асып, 1,14 триллион теңгені көрсеткен. Бірақ бұл санның астарында не тұр? Сарапшылардың айтуынша, азаматтар бір қарызды жабу үшін екіншісін алып, қарыздың құрсауынан шыға алмай қалады. Яғни, статистика жақсарғанмен, халықтың жағдайы оңалмаған.
Мұндай мәселеде үкімет бірінші қарыз беруді шектейді. Алайда оның кері әсері де бар. Онлайн несиеге тыйым салу секілді шектен тыс реттеу шаралары көлеңкелі несие беру нарығын кеңейтуі мүмкін. Ал экономист Айбар Олжайдың айтуынша, халық ақшаны саналы түрде басқаруды меңгеруі керек.
“Жалпы менің ойымша адамдар қазір экономика режимдерін көп білмейді. Қазір базалық ставка жоғары режимде кредиттер қымбат болады. Жалпы қазір несие алу өзіңізге қарсы жұмыс істейді. Сондықтан қаржылық сауаттылықпен әлі де көп жұмыс жасау керекпіз”, – деді маман.
Экономисттің айтуынша, соңғы 10 жылда банктер халыққа оңды-солды несие берген. Ал қаржылық орталықтар шетелден арзан пайызбен қарыз алады. Оның өзін қайтара алмай, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл шығынды жабу үшін мемлекет Ұлттық қордан 4 миллиард доллар жұмсаған.