Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айыпталушылардың туыстарын кіргізбеді: Қордай оқиғасына қатысқан 51 адам сотта жауап беріп жатыр

Қордайдағы қақтығысқа қатысқандар сот алдында жауап бере бастады. Тараздағы тергеу изоляторында сот алды тыңдалым өтті. Оған тараптардың бәрі тегіс қатысады деп болжанған. Алайда кейбір айыпталушылардың туыстары ішке кіргізілмеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

 "Бізге төлқұжатты нотариуспен растаңдар деді. Еттік. Сосын коронавирусқа ал деді. Қан алады екен. Одан кейін тілден алды. Куәлік деді. Алдырдық. Екі адамға алып келдік, "кірмейсіздер" деді. "Ешкім кірмейді" деді", - деп жағдайды баяндады айыпталушының туысы Нұрболат Тергеуісов.

Сот отырысы өтетін тергеу қапасын күш құрылымдары қоршап, жолды қос қапталдан бөгеп тастаған. Қауіпсіздік шаралары осылай мейлінше күшейтілгенімен, отырыс ашық өтті. Оған қатысушылардың ПТР-анықтамасы болуы шарт. Сондықтан бәрі мұқият тексерілді.

Ал ақпарат құралдары сот отырысын онлайн бақылауға мәжбүр болды.

Қордай оқиғасына қатысқан 51 адам жауап берді. Оларға айыптау актісін оқудың өзі бірнеше сағатқа созылды. Көбі кінәсін мойындамады. Он адамға кісі өлтіру сынды ауыр айып тағылса, қалғандары жаппай тәртіпсіздік, қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау, қорқытып алу, қарақшылық баппен жауапқа тартылады.

Еске салайық, ақпан айында Қордайдағы бірнеше ауылда жаппай  тәртіпсіздік болып, 11 адам қаза тапқан еді. 

Биылғы қыркүйекте Алматы гарнизонының әскери соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздіктің жеті қатысушысына үкім шығарды. Күдіктілерді 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Сот шешімімен келіспегендер апелляциялық шағым түсірді, оны әскери сот қарады. Нәтижесінде олардың төртеуінің жазасы жеңілдеді - бас бостандығынан айыру жазасын шектеумен ауыстырды.


 

Талқылау