Айыпталушы шартты жазамен құтылды: Қырғызстанда көлік қағып көз жұмған қазақстандықтың ісі
Қырғызстанда қазақстандық азаматты қағып өлтірген жүргізушіге сот шешімі шыққан. Ол шартты жазамен құтылып отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
24.kg сайтының жазуынша қазақстандық жаттықтырушы Мұрат Жүзгенбаевтың өлімі бойынша сот шешімі шыққанын ұлы Әлішер Жүзгенбаев хабарлаған. Десе де ол бұл жазамен келіспейтінін айтуда. Сөзінше жүргізуші сол сәтте мас күйінде көлік жүргізген. Әрі адам өліміне себепші болған.
“6 сәуір күні сот оны қылмыстық кодекстің 312 бабы 3 тармағымен айыпты деп танып 5 жылға бас бостандығын айыру жазасын кесті. Бірақ үкімде айыпталушыға жеңілдік жасалып, мерзімі 3 жыл уақытқа және шартты мерзімге өзгеретіні айтылды. Әрине бұл шешіммен келісе алмаймыз. Өйткені біз адамнан айырылдық”, - дейді ұлы.
Сот сонымен қатар айыпталушыға қаза болған қазақстандықтың әйеліне 100 мың сом айыппұл төлеуді міндет еткен.
Еске салайық бұған дейін Ыстықкөлде егде жастағы қазақстандықты көлік қағып кеткенін жазған едік.