Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айына миллионнан жоғары табыс табамын": Қазақша шұжық жасайтын әйел өзінің бизнеспен айналысуына не себеп болғанын айтты

Қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттаушы Оңғарбаева Ләйлә тамақтың түр-түрін жасайды. Айтуынша, қазіргі кезде ұмыт қалған тағамдарға және таза өнімге деген сұраныс көп. Үйде отырып-ақ миллионнан аса табыс тауып отырған Ләйлә ханымның бұл бизнеспен айналысқанына небәрі бір жыл ғана болған. 

шұжық

Ләйлә ханым, қазақтың ұмыт қалған тағамдарын қайта жаңғыртып, кәсібіңізді дөңгелетіп отырсыз. Бұл идея қалай келді?

– Қазақтың ұлттық тағамын бұрыннан білемін және жақсы дайындаймын. Анамнан бала кезде көріп өскенмін, бір жағы қызығушылығым бар. Дайындаған тағамдарымды өз инстаграм-парақшам qoishynyn_qyzy-на салып жүретінмін. Менікі басқалар да үйренсін, қазақтың ұлттық тағамы ұмыт қалмасын деген ой еді. Бірақ кейде білгеніммен бөлісуге уақытым жетпейтін. Бизнесті бастауыма карантин түрткі болды дер едім. Үйде бос отырып қалдым. Содан өзім жасап жүрген ісімді неге бизнеске айналдырмасқа деген ой келді. Екі күн ойланып, осы істі бастап кеттім. 

Бизнесіңізден қанша табыс тауып отырсыз? Жалпы бұрын немен айналысқан едіңіз? 

– Айына миллионнан жоғары табыс табамын. Бірақ табыс көзін табу үшін бастамадым, тек өзімнің еңбегімді бағалағым келді. Сұраныс бар. Бір жағынан бизнес жасап отырмын, ал екінші жағынан қолымнан келетін іспен халықпен бөлісудемін. Алғашында ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша мастер-класс өткізе бастадым. Содан кейін бұл кәсіпке деген қызығушылығым арта түсті. Оның алдында киім сатумен айналыстым. Өз киім дүкендерім бар болатын. Бірақ карантин кезінде барлық дүкендерім жұмысын тоқтатты. Киім сату мен тамақ бизнесін салыстыруға келмейді екен. Бұл жерде нағыз қолдың күші, еңбек жатыр. Ал киім саудасында ары-бері шетелге шығып, қыдырып жүретінмін. 

Ет өнімдері өз қолыңызда өсіп-өнген мал ма?

– Жоқ, етті базардан өзім барып аламын. Тек қолда өсірген мал алатынымды оқырмандарым мен клиенттерім біледі. Қазақстан бойынша ең жоғарғы бағаға сатып аламын деп айтуға болады. Мысалы, басқалар жылқыны 400-500 мыңға алып жатса, мен 700 мыңға қымбат мал аламын. Еті дәмді, сапасы жоғары. Тапсырыс беретін халық осыған назар аударады. 

Ұлттық тағамға деген сұраныс қалай, тапсырыс беретіндер көп пе? 

– Ұлттық тағамдарды жасауды үйренгісі келетіндер өте көп. Қазақстанның барлық аймағынан бар деп айтуға болады. Күнде менен мастер-класс өткізуімді сұрап, жазып жататындар бар. Әйтпесе мастер-классты офлайн бір рет ғана өткізгенмін. Ендігіде онлайн өткізу жоспарымда бар, дайындық жүргізіп жатырмын. 

Әкеңіз қойшы кісі екен. Мал бағу оңай шаруа емес екені белгілі. Екінің бірі мал ұстай алмайды. Ендеше мал көбейтудің қыр-сырымен бөлісе аласыз ба? 

– Мал бағудың қыр-сырымен бөлісе алмаймын, ол жағынан тәжірибем жоқ. Өйткені мал баққан емеспін. Ата-анам қойшы кісілер болған. Ол кісілер бақилық болып кеткен. Көзі тірісінде мұндай тағам жасаумен айналыспадым. Тіпті ата-анам қыздарының қазақтың ұлттық тағамын жаңғыртатынын, етпен айналысатынын, содан бизнес ашатынын ойламаған да шығар. Қазір Қазақстан бойынша мал бағудың қыр-сырын үйрететін Алмасбек Сырбаев деген талдықорғандық жігіт бар. Осы кісі мал бағу, көбейту жағын жақсы біледі. Мал бағудың қыр-сырын үйрететін жеке мектебі бар. Ол қазаққа мал бағуды үйретсе, мен сол малдың етін ысырап жасамай, қандай дәмді тағамдар дайындауға болатынын үйретіп жүрмін. Қазақтың дастарқаны өте бай халықпыз. Осыны басқа елдерге көрсетуіміз керек.

Етті қалай таңдап алған дұрыс? Жас мал мен кәрі малдың етін қалай ажырата аламыз? Оқырмандарға өз кеңесіңізбен бөлісе аласыз ба...

– Малды жасына қарай таңдайды. Жас малдың еті ашық қызыл болып келеді. Бірақ түсінген адамға бес-алты жасар малдың еті дәмді болады. Тек көбірек қайнату керек. Ал ат ретінде жұмысқа пайдаланған болса, онда оның еті шандыр болады. Міне, осылай ажыратуға болады.

Тапсырыс берушілер көп пе? 

– Тапсырыс берушілер өте көп. Сүт өнімдеріне тапсырыс береді. Біздің ұлттық тағамдар бұзылмайды ғой негізі. Мәселен, кептірілген ірімшік, құрт бар. Тапсырысты пойыз және почта арқылы жеткіземін. Ал шұжықтарды алдын-ала тоңазытқышта мұзға қатырып қоямын. Сөйтіп жеткенше өз салқындығын ұстап барады. Жалпы Қазақстанда мал аз болғандықтан, барлығын етпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бір Ақтөбе облысын қамти алсам да жетіп жатыр. Тапсырыс көп болғандықтан қасыма сіңілімді және тағы екі көмекші келіншек алдым.

Ұлттық тағамдардан мастер-класс өткізіп, жасалу жолын қыз-келіншектерге үйретіп жүрмін деп айтып отырсыз ғой. Өз жеке мектебіңізді ашуыңыз мүмкін бе?

– Әрине, ашу ойымда жоқ емес. Қаржы жағынан көмектесеміз деп жатқан адамдар да бар. Бірақ мектепті жақын уақытта ашамын деп айта алмаймын. Өйткені ет өнімдерін дайындайтын цех ашқалы жатырмын.

Қыз-келіншектерге кәсіпкер әйел ретінде қандай бизнес ашуға кеңес бере аласыз? 

– Ауылда, ауданда тұратын қыз-келіншектер де осындай ұлттық тағамдарымызды жасап, содан бизнес жасауына болады. Мен жиі айтып жүремін. Ауылда дайын сүт бар. Міне, соны пайдаланып, сүт өнімдері тағамдарын дайындаса ешкім кедергі келтірмейді ғой. Қазіргі кезде көбісі таза, қолдың тағамын іздейді. Бір өзім Ақтөбе өңірін толық қамти алмай отырмын. Ал басқа қалаларда қаншама? Тапсырысты қабылдап алып, түнгі он екіге дейін жалғыз жұмыс істеген күндерім де болды. Бірақ өз денсаулығымды да ойлауым керек. Қазақстан ғана емес, тіпті шетелден де сұраныс көп. Сондықтан қыз-кеіншектер уақытыңызды текке жұмсамаңыз, қолыңызда бар нәрседен бизнес жасаңыз деп айтқым келеді. 

Сұхбаттасқан Анар Дәукен 

Талқылау