Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелін қорғамақ болған: БҚО-да ер адам ауылдасының көзін ойып алып, өлтіріп қойды

БҚО-да ер адам ауылдасының көзін ойып алған. Артынша оның қол-аяғын байлап, жылу батареясына байлап қойған.

Әйелін қорғамақ болған: БҚО-да ер адам ауылдасының көзін ойып алып, өлтіріп қойды

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой ГОРОД» порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

16 қыркүйекте БҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында облыс тұрғыны Қалиевке қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы ҚР ҚК 106-бабына сәйкес (Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, салдарынан өліміне алып келу) кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 36 жастағы ер адам жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-түзету мекемесінде өтейтін болады. 

Іс материалдары бойынша, биылғы жылы 27 сәуірде

Жәнібек ауданы Тау аулының тұрғыны Сартаева өзінің күйеуі Қалиевтің ұялы телефонына хабарласып, үйіне ауылдасы Нұралиннің рұқсатсыз кіріп кеткенін, өзін зорлағалы жатқанын айтыпты. Осы кезде көлігімен өзге ауылға бара жатқан Қалиев кері бұрылып, үйіне бағыт алады. 

«Ол үйіне кіріп келгенде әйелінің асүйдің еденінде жатқанын, оның үстінде Нұралиннің отырғанын көреді. Сол бойда ашуға берілген сотталушы жұдырығымен ауылдасының бетінен ұрып, өз кезегінде ол еденге құлаған. Ал әйел орнынан атып тұрып, үйінен қашып шығыпты. Онымен қоса Нұралин де қашпақ болған. Алайда Қалиев оны ұстап алып, жерге құлатып, ұрып-соғып, қолына пышақ алып, оң көзін, артынша сол көзін ойып алған. Мұнан кейін ер адамның қол-аяғын байлап, батареяға байлап қойыпты», - дейді судья Бақыт Ермаханов.

Бұл орайда судья Қалиевтің жасаған қылмысынан кейін бұл туралы бірден полиция мен фельдшерге хабарлағанын атап өтті. 

«Нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған», - дейді судья. 
Айта кету керек, прокурор Қалиевті ҚР ҚК 99-бабына сәйкес (Кісі өлтіру) соттауды сұрады. Алайда судьяның шешімі бойынша, аталан бап ҚР ҚК 106-бабына өзгертілді. 

Тергеу барысында Қалиев өз әрекетін ішінара мойындап, әйелін қорғағанын айтты. 

Сотталушы бұған дейін де бірнеше рет сотталған екен. Сонымен қатар жәбірленуші де сотты болған. Екеуінің де мүгедектігі бар. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау