Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелді екі баласымен қоса зорлықпен өлтіріп, өртеп жіберген: Алматы облысындағы жантүршігерлік қылмыстың мән-жайы айтылды

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Береке саяжайында үш адам кісі қолынан қаза тапты. Қаскөй алдымен әйелді және оның екі баласын зорлықпен өлтірген. Онымен қоймай, денелерін үймен қоса өртеп кетіпті. Жаға ұстатарлық жағдай туралы елді мекен тұрғындары не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгінде тұрғын үй ескерту лентасымен қоршалған. Мұнда полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Баспананың ішінде қанның ізі байқалады. Көршілердің айтуынша, күдікті үйге өрт қойған соң, есікті ішінен құлыптап, терезеден түсіп кеткен. Бұл оқиға жергілікті тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызды. 

"Есік жабық дейді. Өт сөндірушілер терезеден түсіп, есікті ашып, әйелді шығарыпты. Газды ашып, от қойған. Бұл жақта тыныш болатын, мұндай бәле болмайтын", - дейді куәгер Жолшыбай Шалбаев.

Қаза тапқан әйел пәтер жалдап, балаларын жалғыз асырап отырған екен. Қарапайым құрылысшы болған. Жолдасы 2016 жылы қайтыс болыпты. Ал болжам бойынша, күдікті бірге тұрған азаматы екен. Қызы Айым 8-ші сыныпта, ал кенже ұлы Мұрагер 3-ші сыныпта білім алып жатқан. Соңғы рет мектепке 3 күн бұрын келіпті. Ал одан кейін анасы "балаларым ауырып жатыр, мектепке бара алмайды" деп сынып жетекшіні ескерткен көрінеді.

"13 қыркүйек күні Айымның анасына сынып жетекшісі қоңырау шалған кезде телефоны байланыс аясынан тыс жерде болған. Ал қыздың телефонына қоңырау барып тұрған. Жаздың кезінде сынып жетекшісі "сожителіңіз" бар ма деп сұрағанда "жоқ" деп жауап берген. Тергеудің сараптамасын оқып, жүрегіміз ауырып отыр. Үшеуі үш бөлмеде жатқан екен", - дейді №36 орта мектеп директоры Жанайдар Айдарқұлов.

Мектеп әкімшілігі білім ордасындағы психолог маман оқушылармен тығыз байланыста екенін жеткізді. Тәрбие ісінің меңгерушісі балалардың бойында соңғы кездері еш өзгерістің байқалмағанын айтады. Олар, әдеттегідей, өмірге құштар, жайдары жүрген деседі. "Мектеп мақтанышы, белсенді, алғыр жастар еді",- деп еске алады шәкірттерін.

"Сабақ үлгерімі өте жоғары, сыныбының белсенді мүшесі. Сыныпта ғана емес, мектепте де қоғамдық жұмыстарға жақсы араласты. Ол қыз жиі тәрбие бөліміне келіп өзінің ойымен, пікірімен бөлісіп отырды. Мұрагердің сабақ үлгерімі өте жақсы. Анасының жаман, теріс пиғылын көрмедік. Күдіктіні танымаймын, бұл ауылда тұрмайды", - дейдімектеп директорының тәрбие ісі жөніндегіорынбасары КүлпараШамгунова.

Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" бабы бойынша іс тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және оны ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық облыстық полиция бөлімшелері мен көршілес аймақтардағы жол полициясына бағыт-бағдар жолданды.

Еске сала кетсек, қаскөй әйелді және оның екі баласын зорлықпен өлтіріп, денелерін үймен қоса өртеп кеткенін хабарлаған едік.

Талқылау