Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелдерге АИТВ инфекциясын әдейі жұқтырған Қазақстан тұрғынына сот үкімі шықты

Теміртауда ауыр дерті барын біле тұра, қасақана әйелдермен қорғалмаған байланысқа түсіп, оларға АИТВ-инфекциясын жұқтырған ер адамды соттау процессі өтті. Сот оны 6,5 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өткізу туралы үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Қылмыстық істі Теміртау қалалық соты жабық сот отырысында қарады. Айыпкерге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін ҚР ҚК-нің 118-бабы 3-бөлігі (ауруын біле тұра, басқа адамға АИТВ жұқтырған) бойынша айып тағылды.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының басында екі әйелді АИТВ-инфекциясымен қасақана жұқтырған ер адам ұсталды.

Ер адам ауруды таратқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы ескертілгеніне қарамастан, басқа адамға АИТВ/ЖИТС жұқтырғаны үшін айыпталып, қамауға алынған еді.

Сотта ер адамның кінәсі оның ішінара мойындауымен, жәбірленушілердің айғақтарымен және іс материалдарымен расталды.

Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырудан өзге жаза тағайындауды өтінді.

"Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының болуы кінәні жеңілдететін дерек деп таныды. Соттың үкімімен С. орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады Теміртау қалалық сотының баспасөз қызметі.

Талқылау