Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдердің зерттеу орнына кофе ішуден қолы босамайды": Назарбаев университетінің студенттері оқу орны профессорының сексистік пікіріне ашуланды

Назарбаев университетінің студенттері жоғарғы оқу орнының профессоры Тимур Атабаевты сексистік пікірі үшін айыптады. Университеттің Instagram-дағы парақшасында Тимур Атабаев ғалым әйелдердің зерттеумен айналысудың орнына кофе ішуден қолы босамайтынын айтып, пікір қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Назарбаев университеті жоғарғы оқу орнының профессорлары әлемдегі жетекші ғалымдардың бірі болып танылғаны туралы жазба жариялады. 

“Стэнфорд университетінің профессорлары жыл сайын әлемдегі ең көп жүгінетін ғалымдардың рейтингін жасады. Олардың қатарында Назарбаев универсиетінің профессорлары да бар. 2024 жылдың тамыз айындағы көрсеткіш бойынша университетіміздің 35 ғылыми қызметкері ең үздік ғалымдардың 2%-на тең”, – делінген жазбада.

Фото: скрин

Студенттер ғалымдардың қатарында тек бір әйелдің барын, қалған 34-і ер адам екенін байқаған. 

“Сұмдық гендерлік айырмашылық”, – деп жазды университет студенті. Білімгердің бұл пікіріне профессор Тимур Атабаев тізімге ғалымдар гендерге қарап емес, ғылымға қосқан үлесіне қарай енгенін айтып, жауап берді. 

Студенттер Тимур Атабаевқа ғылыми салада сексизмнің ұзақ жылдар бойы кеңінен етек жайғанын және гендерлік теңсіздікке байланысты ғылыми зерттеулерде әйелдердің аз қамтылғанын түсіндіруге тырысты. Алайда профессор әйелдердің ғылыммен айналысуға ынтасы жоғын айтып қалды.

“Әйел әріптестеріміздің зерттеу жұмыстарымен айналысудың орнына кофе ішуден қолы босамайды. Тізім дереккөзі сенімді ғалымдарға негізделген: неғұрлым жақсы зерттеулерді жиі жарияласаңыз, соғұрлым дереккөзі сенімді ғалым болып есептелесіз. Балалар, бір қарапайым нәрсені түсіну керек: тізім гендерге емес, жетістіктерге негізделген", – деп жазды Тимур Атабаев.

Фото: скрин

Желі қолданушылары жетекші ғалымдардың қатарында әйелдердің азшылық екеніне еш таңғалмайтынын жеткізді. 

“Ер адам оқытушы бола тұра университеттің ресми парақшасында өзінің мизогиниялық көзқарасын ашық білдірсе, оқу орнында не болып жатқаны бір Құдайға аян”, – деп жазды желідегілер. 

“Тимур Атабаевтың Назарбаев университетіндегі әйел ғалымдардың кофе ішуден қолы босамайтыны туралы пікірін скриндеп алғанымыз жақсы болды. Профессордан мұндай сөздерді күтпедім, сұмдық”, – деп пікір жазғандар да болды.

Талқылау