"Әйелдерге неге басшылықта 50% орын берілмейді": Қарақат Әбденнің талабы мәжілісте қошеметке ие болды
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден елдегі гендерлік теңдік мәселесін көтеріп, әйелдер үшін билікте тең құқықтар болуын талап етті. Оның бұл талабын мәжілістегілер қошеметтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Гендерлік саясатты іске асыру – еліміздегі өзекті бағыттардың бірі. Халқымыздың 51%-ы әйелдер қауымы екенін ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Мемлекет басшысы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге баса назар аударады. Бірақ әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7%", - деді Қарақат Әбден депаттық сауал жолдай отырып.
Оның айтуынша, "Қазақстан Темір Жолы", "KEGOC", "Қазақтелеком" сынды ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ. Кадрлар шоғырланған Астананада 5 аудан бойынша бір де бір әйел әкім немесе оның орынбарасы болып тағайындалмаған.
“Біз заман талаптарына сай болуымыз керек! Дейтұрғанмен, арамызда "Әйел бастаған көш оңбайды", "Шашы ұзынның – ақылы қысқа" деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп.Керек десеңіз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ: Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек", - дейді ол.
Осылайша халық қалаулысы премьер-министр Әлихан Смаиловқа мынадай ұсыныс білдірді.
- Әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосылсын;
- Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлау қарастырылсын.