"Әйелдер кісенмен босанады": Депутат тергеу изоляторындағы азаптау мен өлім туралы айтты

Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстандағы тергеу изоляторларында өлім көрсеткіштерінің алаңдататынын және қамаудағы әйелдердің қауіпсіз жерде еместігін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Қазақстандағы тергеу изоляторларындағы өлім статистикасын келтірді:
- 2022 жыл 133 өлім, оның 96-сы аурудан;
- 2023 жыл 119 өлім, оның 95-і аурудан;
- 2024 жыл 148 өлім, оның 114-і аурудан;
- 2025 жыл 11 айда 124 өлім, оның 105-і аурудан.
"Бұл “табиғи себептер” емес. Бұл медициналық бақылаудың, прокурорлық қадағалау мен сот жауапкершілігінің сәтсіздігі", - деді депутат Абзал Құспан.
Сонымен қатар, депутат тергеу изоляторларындағы әйелдер қауіпсіз жерде емес екенін айтты.
"Бұрынғы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер, соның ішінде судьялар ер адамдарға арналған арнайы мекемелерде жазасын өтейді. Ал әйелдер үшін бұл механизм қарастырылмаған. Соның салдарынан полицияда, сотта, прокуратурада, мемлекеттік органдарда және ҚАЖ-да қызмет атқарған әйелдер өздері бұрын қадағалаған, жауапқа тартқан немесе тексерген адамдармен бірге қамалады. Бұл олардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді", - деді депутат.
Ол сондай-ақ әйелдердің қолына кісен тағылған күйде босанатынын айтып, бұл азаптау деп бағалады.
"Ұсталғандар мен сотталғандар кісенмен операциядан өткізіледі. Әйелдер кісен тағулы күйінде босанады. Ешқандай заң адамды наркоз кезінде, операциядан кейін, босану кезінде кісенмен ұстауға рұқсат бермейді. Бұл құқықты шектеу, Конституцияны тікелей бұзу. Халықаралық құқық тұрғысынан – бұл қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекет, шын мәнінде азаптау", - деді депутат.
Мәжілісмен мыналарды талап етті:
- ТИЗО және ҚАЖ мекемелерінде болған өлімдерге заңды баға беру;
- Қамаудағы адамдарға медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайын тексеру;
- Хирургиялық операциялар, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде кісен қолдануды заңмен тыю.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері