"Егер сен мұзда жүрсең, қай елде ойнап жатқаның маңызды емес": АҚШ-тың НХЛ-ындағы алғашқы қазақ қызы мансабы мен армандары туралы
Қазақстандық кәсіби хоккейші Бұлбұл Қартанбаева АҚШ-тағы клубтардың бірінде бас жаттықтырушысы болды. Небәрі 27 жасында ол Нью-Джерси штатындағы "Princeton Tiger Lilies 14U AA Black" аталатын High School-да орналасқан командасын басқарады. Сонымен қатар, ол өз жаттықтырушы ғана емес, кәсіби ойыншы ретінде де өнер көрсетеді. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ол хоккейге қалай келгені, не себепті әйелдер хоккейін дамытқысы келетінін айтып, басты мақсатымен бөлісті.
— Өзіңіз туралы айтып берcеңіз, сізді хоккейге не әкелді?
— Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында Көгершін ауылында дүниеге келдім. Бала кезден бокс, күрес, футбол сияқты түрлі спортта бақ сынадым. Отбасымызбен Алматыға көшкендіктен, сол жерден спорт мектебін ата-анам тауып берді. Ол жақта қыздар футболы болмағандықтан, қыздар хоккейіне жазылдым. Маған хоккей қатты ұнап, 7-сыныптап бастап хоккеймен айналыса бастадым. Бұл мақсатқа жету үшін біраз тырыстым. Осы үшін қаражат пен энергия, уақыт сынды көп ресурсымды жұмсадым. Сондықтан хоккейге келу мен үшін тосынсый болды деп айта алмаймын.
— Әйелдердің ұлттық хоккей лигасында алғашқы қазақстандық болу қандай сезім
— Қазіргі уақытта Kartanbay Hockey және Kartanbay Foundation қорын құру жолындамын. Kartanbay Hockey тек қыздарға ғана арналған, себебі мен қыз балалардың бұл спорт түріне қызығушылығын оятқым келеді. Олар хоккейді ер адамдарға ғана тән спорт түрі деп ойламау керек. Керісінше, өздері қалаған спортқа барулары керек. Әр елдің кәсіби ойыншыларын біріктіріп, әйелдер хоккейін дамытқым келеді.
— "Kartanbay Foundation" жобасы туралы айтып беріңізші, бұл идея қалай келді?
— Хоккей өте қымбат спорт түрі болғадықтан, көп отбасылар, Қазақстан болсын, Канада, АҚШ-та болсын әріқарай ойнауға мүмкіндіктері болмай қалады: ойын формасы қымбат, жаттығу да арзан емес. Қордың мақсаты — Қартанбай брендімен киімдерді сату арқылы, одан түскен ақшаны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тарату.
Себебі жағдайы төмен болса да, мүмкініктері, қабілеттері тиісті дәрежеде жеткілікті балалар көп. Олар өз потенциалдарын аша алады, себебі қалыпты жағдайда олардың қаржылық жағдайы оған мүмкіндік бермейді. Біз осы жағдайды оңтайландыруға көмектесеміз.
— Америкаға көшуге шешім қабылдауға не әсер етті, ұсыныстар түсті ме?
— Америкада, Канадада ойнап көргім келетін. Қуанышқа орай, бұл мақсаттарға жетуге болады, жетіп те жүрміз. Бұл елдер әйелдер хоккейі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттер боп есептеледі, жыл сайын, ай сайын жаңашылдықтар пайда болады, хоккей дамып келеді. Сол себепті осының бәрі мені қызықтырады.
— Онда спортшыларға қандай жағдайлар ұсынылады, жаттығулар мен жарыстар қалай өтеді
— Әйелдер хоккейіне жақсы жағдай жасалады: баспана мен жалақы жағынан көмектеседі, спорт киімі мен хоккей формасына қатысты көмек береді. Жалпы жаттығулар мен ойындар аптасына екі реттен өтеді, яғни аптасына төрт уақыт мұзда жүремін.
— Ерлер мен әйелдер жаттықтырушыларының айырмашылығы неде?
— Әйелдер мен ерлердің жаттығуларында айтарлықтай айырмашылық — әдіс-тәсіледерінде деуге болады. Ерлердің тәсілдері дөрекілеу. Бұл жерде әйел бапкерлерді өте бағалайды, жақсы көреді. Маған мысалы, өте үлкен құрметпен қарап, таңдау ұсынады, сөзіме құлақ асады.
— Бас жаттықтырушы лауазымына қалай қабылдандыңыз?
— Бас жаттықтырушы орны бар екенін естігенде, өз кандидатурамды ұсындым. Содан кейін екі сұхбаттасудан өттім. Соңғысында сертификаттар, тәжірибе, қабілеттерім жайлы сөйлестік.
— Сіз Еуропада, Канадада, Азияда ойнадыңыз, қай жерде ойнаған ұнады?
— Шынымды айтсам, хоккей барлық жерде бірдей және ол сенің қай елде, қай қалада ойнап жатқаныңа байланысты емес. Егер сен мұзда жүрсең, командаң жақсы болса, қай елде ойнап жатқаның маңызды емес.
— Қазақстанда әйелдер хоккейін қалай дамытуға болады? Болашақта отанға оралу жоспарда бар ма?
— Отанға оралу жоспарда бар, тәжірибе жинап, бапкер ретінде жаттықтырып, Қазақстанға білім мен қабілеттерім жетілгенде оралғым келеді. Әйелдер хоккейін дамыту үшін қомақты қаражат, жарнама керек, мемлекет тарапынан, фанаттар тарапынан көп көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Қыздарды қолдап, әр елден мамандарды шақыру керек.
— Білуімше, сіздің дәмділер пісіретін хоббиіңіз бар...
— Менің хоббиім, шағын кәсіпке айналған. Пандемия кезінде біз кішігірім үзіліс алдық. Хоккейші ретінде ойынды, спортты жақсы көрем, ал қыз, әйел ретінде дәмділерді пісірген ұнайды, жан-жағымды әдемілеу, сәндеуден әрдайым ләззат алам. Сондықтан осы нәрсе жаныма жақын болған соң, осы саланы таңдадым.
— Басты мақсатыңыз қандай? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз
— Басты мақсатым — өзімді ойыншы ретінде жетілдіріп, өзімді қалыпта ұстау, дұрыс тамақтану, басқаларға үлгі болу. Қазір пандемия болған соң, көп жоспар бір қалыпта тұр. Негізінен басты мақсат - жаттықтырушы болу, ойыншы болу, Қазақстанның ұлттық құрмасына ойнау, туымды желбірету. Одан бөлек, өз жобаларымды дамытып, Қазақстан мен АҚШ арасында хоккей саласы бойынша қарым-қатынасты нығайтуға үлес қоссам тамаша болар еді.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
