Нұрлан имам: "Әйелінің мәселесін шеше алмайтын еркектер көбейді"
Нұрлан имам “Дінталқы” бағдарламасында Ислам дінінде әйелдің дәрежесінің жоғары екенін алға тартып, еркектің білгілі бір деңгейде одан басым тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жүргізушінің “Ислам діні әйел адамның құқығын таптай ма?” деген сұрағына: “Дініміз біржақты түсінікті қамтымайды. Әйел адамды аяққа ұрмайды. Жалпы адамзатқа тән өмір сүруге талпыну, өсу, көбею сынды құқықтар бар. Ислам діні бұл қасиеттерді кемелдендіреді. Қазіргі қоғамда әйелдердің құқығының тапталуына, қиыншылық көруіне еркектер кінәлі”, – деп жауап берді.
Сондай-ақ ол патриархалды қоғам туралы да сөз қозғады.
“Мемлекетті қорғаған әйел емес. Мемлекетті құрған да, қорғаған да еркек. Құдай оған сондай күш-қуат беріп, түздің адамы етіп жаратты. Қазіргі қоғамда еркектер ұсақталып кетті. Кезінде аталарымыз елдің қамын ойлап, мемлекет мүддесін қорғаса, қазіргі еркектер әйелінің мәселесін шеше алмайды”, – дейді Нұрлан Байжігітұлы.
Нұрлан имам қазақты бұл тығырықтан батыстық идеология емес, ұлттық салт-дәстүріміз алып шығады деген ойда.
Ал феминистерді қолдап келген Гүлзада Серік әйелдердің үй шаруасын істегені үшін ақы төленуін талап етті.
“Әйелдің мойнында барлық үй шаруасы жүктелген. Еркектің жағдайын жасау, үй жинау, тамақ жасау, т.б. Аталғандардың ешқайсысы үшін ақы төленбейді. Мемлекет төлемейді, күйеуі берсе берді, бермесе ол да жоқ. Өзі жұмыс істеп ақша табады, бірақ ол жағдайда үй шаруасы жайына қалады. Нарықта мұндай жұмыстар жақсы бағаланады. Үйдегі әйелдер мұны тегін жасап отыр. Ал тегін жұмыс істейтін адамдарды “құл” деп атайды. Сондықтан әйелге не мемлекет ақы төлеуі керек немесе күйеуінің жалақысының белгілі бір пайызы берілуі тиіс”, – деп санайды Гүлзада Серік.
Гүлзаданың айтуынша, бұл мәселелерді әйелдер, яғни феминистік ұйымдар көтереді.
Қазрігі кезде көп талқыланып жүрген сауалдардың бірі “Тоқал алу, көп әйел алу дұрыс па?”. “Дінде рұқсат берілген бұл мәселе әйел құқығын таптамай ма?” деген сұраққа Гүлзада Серік феминистік көзқараста жауап берді.
“Мұны күйеуі тоқал алғысы келетін әйелден сұрау керек. Егер ол қарсы болмаса, демек, бәрі дұрыс. Қарсы болған жағдайда біз оны қолдаймыз. Бұл жерде сол әйелдің ойы маңызды”, – деді.