Сарым: Атамбаевтың ақымақтығы үшін араздаспай, қырғыздармен достығымызды сақтап қалуымыз керек
Саясаттанушы Айдос Сарым соңғы кездері Қазақстан мен Қырғызстанның арасын алшақтатып, қарым-қатынасын бұзып бара жатқан жағдайларға байланысты Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Оның пікірінше, екі елдің татулығын сақтау мақсатында ірі саясаткерлер алдағы уақытта бірқатар жұмыстар атқаруы тиіс.
Қырғызстанның Қазақстан тарапынан ұсынылған гуманитарлық көмектен бас тартуы жайлы не айтасыз?
Бұл мардымсыз әңгіме ғой, жалпы. Мамыр айында болған оқиға. Көршілес елдің бір-екі аулын су алып, бірнеше үйлер қирап, олар Қазақстаннан көмек сұраған. Енді халықаралық көмек секілді мәселелерге келгенде, бюрократияның себебінен шешім ұзақ қабылданады. Көмек ұсынылғанда, олар бас тартты.
Олар орайы келгенде, «қазақтардың бетіне лақтыратын не бар, көрсетейікші» деп тұратын секілді. Ал енді қараңыз, алдыңғы үш күннің ішінде Қазақстан Қырғызстанға 100 млн доллар ұсынды. Қырғызстан үкіметі содан бас тартып отырған жоқ қой…
Қырғызстанның экс- президенті Қазақстанның ішкі мәселесін қатаң сынады. Ол ненің нышаны?
Ол – ақымақтық. Осы орайда, екі нәрсе айтқым келеді. Бірі – Атамбаев билікке келгелі қырғыз қоғамында қазақты жек көру дегенді саяси картаға айналған. Сол үшін көршілес елдің басшысын ұнатам деп айта алмаймын. Екіншісі – қазақта алып-қашпа әңгімелер бар. Соның бірі – «қазақ-қырғыз бір туған».Немесе «қырғыз қазақты бауырындай көреді» деген… Бұл – жаңсақ әңгіме. Қырғыз қоғамын, олардың қазақтарға деген шынайы көзқарасын білу үшін сол қоғамның ішінде азды-көпті өмір сүріп көру керек. Ыстықкөлге екі-үш күнге демалуға барып келіп, олар жайлы дұрыс пайым жасау мүмкін емес.
Олар, әрине, бетіңізге айтпауы мүмкін, бірақ қазақ ұлтын жақсы көрмейтіні анық. Мен 98-99 жылдардан бері арнайы қырғыз үкіметінің өтініші бойынша, сонда барып, үнемі оларға консультация беріп жүрген азаматтардың бірімін. Олардың саясаткерлерін, зиялы қауымын жақыннан білемін…
Себеп неде?
Оның себебі көп. Елестетіп көріңіз. Бір көшеде 10 үй тұрады еділк. Сізге көршіңіз 10-шы үйдің тұрғындарын жамандауы мүмкін. Алайда, сізге олар сыртынан жап-жақсы адамдар секілді көрінеді. Араларыңызда кенет кикілжің туа қалса, сіз дереу әлгі көршінің сөзін еске аласыз. Себебі бәріміз пендеміз.
Осы дау шыққалы әлеуметтік желілерде талай адаммен қызыл кеңірдек болып, қаншасы банға кетті (күледі). Есесіне, Ресейде тұратын азаматтармен танысып та үлгердім. Жалпы, Ресейліктер қазақтарды құрметпен қабылдаса, қырғыздарға оң көзқарас танытпайтыны жасырын емес.
Олар да осы мәселеге байланысты белсенділік танытып жатыр. Жалпы, қырғыздардың қазақтарға деген мұндай көзқарасының астарында терең мағына, тарихи-мәдени негіз жатыр. Ал экономикалық тұрғыдан, мұнайымыздың, басқасының арқасында біз, сөзсіз, алдамыз. Қарапайым ғана мысал, қазақтар шетелге барып, қара жұмыс істеп жүрген жоқ. Мұның өзі де салматқты себеп.
Бір сөзбен айтқанда, көре алмаушылық па?
Дәл солай. Мұндай даулар қайта-қайта шыға берсе, екі ұлттың арасы ажырай бастайды. Енді есті саясаткер осындай кезде не істеуі ләзім? Араша бола білу керек. Себебі саясаткерлер – көпшілік қауымның пікірін қалыптастыруға ықпал жасайтын азаматтар. Әсіресе, ел басқаратын азаматтар бас қосып, бұл жағдайды қалыпқа келтіретін әрекетке кірісу керек. Бұл нәрсе қазақтың салтында да бар. Екі ағайын ұрысып жатса, жанашырлар татуластырады.
Яғни, екі тараптан мұндай ықылас танытып жатқан ешкім жоқ?
Кім бар?!
Ал сіз өз тарапыңыздан не істеп жатырсыз?
Мен қазір бұл мәселе бойынша, өзіме хабарласқан БАҚ-қа белсенді түрде сұхбат беріп жатырмын. Бұл мәселенің талқыланып келе жатқанына үш аптаның көлемі болды. Жай да, қатты да айтылды. Осы арада, мәселен, қазақтың Абайтануышысы, қырғыздың Манасшысы шығып, екі ағайынды елдің арасын жұмсартуға тырысып жатқан жоқ.
Әсіресе, қырғыздар тарапынан. Тарихи, мәдени, діни тұрғыдан ағайын ұлттар екеніміз рас болса, татуластыру – міндет емес пе?! Арамызда қаншама келісім-шарт, құжаттар бар. Оның бірі де нәтижесін беріп жатқан жоқ.
Біздің халықтың бір кемшілік тұсы – сырттан кім көрінген келіп, біздің билікті сынай қалса, соларды көсем сайлауға дайын тұрамыз. Ертең Атамбаев өз халқына оқ атады. Ол биліктен ажырайын деп жатқан жоқ.
Қырғызстанда демократия жоқ. Оны қырғыздар жақсы біледі. Сол кезде Атамбаевты демократ деп басына көтергендердің көзіне қарағым келеді. Кеше ғана мен олар үшін Назарбаевты мақтаған жағымпаз едім, енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?!
Оқи отырыңыз:
Тележүргізуші Әйкерім Есенәлі алғаш рет ана атанды (фото)
Тәуекел Мүсілім “продюсерімен көңіл қосты” деп сынағандарға жауап берді
Төреғалидің үйлену тойы отандық арнадан тікелей эфир арқылы көрсетілмек
Алғаш рет қызын көрсеткен Қарақат Әбілдина дүйім жұртты сүйсіндірді