Соңғы жаңалықтар

Айдос Сарым: Отыз жылда не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайтын кез келді

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ҚР Президентінің ел газетінде жарық көрген "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Саясаттанушы

"Биыл тәу еткен Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы. Әрбір саналы азамат үшін бұл ұлы мейрам. Мейрам болғанда дабыралатып, ат шаптырып, отшашулатып, ішіп-жеп, көкірекке кезекті "-жылдығы" дейтін медальді таға салатын мейрам емес. Ордабұзар жасқа келген жаңғырған қазақ мемлекеттігінің шаңырағын шайқалтпай, ырыс-берекесін кетірмей, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтай отыра, әрі қарай қалай, қай бағытта дамытамыз деп ойланатын, толғанатын кез, кемел кезең. Зымырап өте шыққан отыз жыл қаншалықты қиын, күрделі болса, алдағы қамал алар жасқа дейінгі уақыт та оңай болмайтыны қазірден бастап-ақ көрініп тұр", - дейді саясаткер. 

Серті - салақ, анты – мазақ көршіміздің көңіл-күйіне, қоғамдық пікіріне қарап отырып біраз дүниені ұғынуға тиіспіз деген ол президент айтқан төрт құндылықтың маңызды рөл атқаратынын алға тартты.  

"Шындап келетін болсақ,  Қазақтың басты қорғаны, тірегі, тылы, ділі – туған тілі. Тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай дамыта білу, бизнес пен ғылым тіліне айналдыру, шын мәніндегі мемлекеттік тіл қылып, заңды тұғырына отырғызу - ұлттық, мемлекеттік мәселе. Тіл – ұлттық рухтың, сананың, ойдың алаңы мен мекені. Баяғыда Маркс еврейдің қасиетті кітабы Тораны "халықтың көшпелі мемлекеті" деп атаған екен. Осыған салсақ, тәуелсіздіктен айырылып, мемлекеттігімізді жоғалтқан кезде де қазақты қазақ еткен, біріктірген, топтастырған, жинаған қасиет пен құндылық – қазақ тілі екенін мойындауымыз керек. Ұлан-байтақ жерімізді, әлемдегі тоғызыншы территорияны айшықтаған да, ерекшелеген де осы тіліміз. Оймақтай ғана мемлекеттер ондаған, жүздеген диалектіге бөлініп жатады", - деп қосты Айдос Сарым. 

Бұған қоса, ол ұлт тарихына да тоқталды. 

"Екінші құндылық - ұлттық жадымыз бен тарихымыз. Ел ыдырап, халықтың тоз-тозы шығып, рухы сынған кездері де аз болмаған. Мың өліп, мың тірілгенде де қазаққа сенім берген, рух берген, жауапкершілігін сездірген құндылық – тарихы. Тарихи сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген. Тарихи сана жекелеген адамның амбициясын ортақ мүддеге бағындырып, жұртты мұратшылдыққа, ұлттық ымыраға жетелеген. Тарихи сана әрбір ойлы, есті адамды белгілі бір рухи тәртіп пен саналы тіршілікке жүгендеген. Қазақтың бойында бар, гендік кодына жазылған аруақ пен ұрпақ концепциялары да осы тарихи санадан бастау алады. Қайда жүрсең де, кім болсаң да өзіңді ұзынсонар, үздіксіз шептің, қатардың ішінде жүру, мызғымас, айрылмас бөлігі ретінде сезіну кез келген адамға қосымша жауапкершілік, миссия артады", - деді саясаттанушы.

Саясаттанушы ұлттың қарсыласуы, резистенттік қасиеттері, энергиясы мен энергияны үнемдеу қасиеттері тарихпен қатар табиғатқа да қатысты екенін сөз етті. 

"Табиғат дегенде біз оны терең және толық түсінуіміз қажет. Қазақ табиғатына жері, суы, ауасы, тау-тасы, орман-желегі, хайуанаты, адамы кіреді. Бірін бірінен ажырату, айырып алу мүмкін де емес. Сан ғасырлар бойы қазақ халқы табиғатқа тырнағын батырмай келген мықты экологиялық санасы бар ұлт болған еді. Соның арқасында осынау орасан жердің иесі мен киесіне айнала білдік, осы жерге жасампаз атымызды бердік. Болашақ экономикасы, адам мен оның энергиясына негізделген жаңа экономика ең алдымен табиғи факторлармен шектеледі, лимиттенеді. Әр нәрсенің құны мен парқы бар, шегі мен шекарасы бар. Шексіз тек адамның ұшқыр ойы мен арманы ғана. Тарихи миссиямыз ең алдымен табиғатқа деген көзқарасымыз бен философиямыздың өзгеруін талап етеді. Адам құқы мен құнының артуы ең алдымен қазаққа тән экологиялық сананы жаңғыртудан, оны заман талабына сай дамытудан басталуы тиіс", - деді Айдос Сарым. 

Оқырмандарына өмір ешқашан орнында тұрмайтынын тілге тиек еткен саясаттанушы оның басты заңы – тынымсыз тіршілік, тыңғылықты, пайдалы тіршілік екенін алға тартты.

"Қазақтың басты және айрықша қасиеттерінің бірі – тарих пен табиғаттың талаптарына, тығырықтарына бой алдырмай, бейімделе білуі. Қазақ төзімді, шыдамды халық емес, қазақ өте ақылды, рационалды халық. Рационалды сана жоғарыда айтқан тарихи және табиғи жауапкершіліктен бастау алады. Табиғат та, саяси тарих та эволюция заңдарына бағынады. Ал эволюция ең мықтыны, ең ақылдыны, ең сұлуды таңдай бермейді, ең бейімделгіш, ең мығым, кез келген табиғи өзгеріске дайын, тағдыр тәлкегіне әзір ағзаға ғұмыр береді, ұрпағын жалғастырғызады.

Жақында бір әріптесім "екі дуал концепциясы" туралы жақсы әңгіме айтты. Қазақты құртқан екі дуал, дейді ол; бірін тым ерте құлатсақ, екіншісін тым ерте құра бастаған екенбіз. Сонда айтпағы мынау: ел болмай, мемлекет болмай, көптеген құндылығымызды шашыратып алған жағдайда рухани шекарамазды қорғаған дуалды ерте қиратқанымыз қателік. Есесіне, басқа мәдениеттен, ортадан келген сәнге еріп, содан "культ" жасап, сыртқы дуалдың орнына әрбір адам, әрбір отбасы жеке-дара дуалдарды құрып әлек болған. Мемлекеттің шекарасынан гөрі, бір көшедегі көршіні бөлген "заборлар" маңызды заманға да кетіп қала жаздадық қой! Рас қой, шын ғой!", - деп жазды Айдос Сарым. 

Қорытындылай келе, саясаткер президент мақаласын барлық қазақстандықтарға оқуға кеңес берді.

"Президенттің бүгінгі мақаласын баршамыз асықпай оқиық. Оқығанда да оны дабыралатпай, мақтампаздыққа апармайық. Керісінше, ойға ой қосатын, ойды ой жетелейтін дүниелерге ұмтылайық. Осы отыз жылда не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайық. Тек сынап-мінеп қана қоймай, "қайткен күнде дұрысталамыз, дұрыс жолға түсеміз" деген байыпты, ақылды сараптама жасауға тырысайық. Және де бір өтініш: бос айғайды, аттанды азайтсақ, ағайын. Айқайы көп ортада ақыл жоқ, эмоция басым болады, ой тоқтамайды, сіңбейді. Бізге эмоциядан гөрі сабырлы, салиқалы әңгіме, ұлттық компромисс, мәміле керек сияқты" - , деп аяқтады сөзін саясаттанушы.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр