Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айбын" орденіне қазақстандық қайраткерлердің аты беріледі - Сенат заңды мақұлдады

Бүгін сенат мемлекеттік наградалар туралы заңға өзгеріс енгізуді мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Заңның мақсаты – мемлекеттік награда жүйесін жетілдіру, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 наурыздағы "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау.

Заң "Айбын" орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беруді көздейді.

Заң мақұлданған кезде күтілетін нәтиже – даңқты батырлардың жауынгерлік ерліктерін мәңгілік есте қалдыру, сондай-ақ жалпыұлттық сананы, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға жәрдемдесу.

Сенатор Руслан Рүстемов бұл қаһарман аталарымызды жұртшылық жақсы білетінін атап өтіп, тарихқа шолу жасады. 

  • Сағадат Нұрмағамбетов атындағы I дәрежелі "Айбын" ордені.

Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы тірі болса биыл 100 жасқа толар еді. Сағадат Қожахметұлы – бірінші "Халық Қаһарманы" атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы.

  • Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі "Айбын" ордені.

Бауыржан Момышұлы – Кеңес одағының батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. Ұлы Отан соғысына генерал-майор Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты, батальон командирі ретінде Мәскеу үшін шайқаста бірнеше рет ұрысқа кіріп, шешуші күшті атқарды.

  • Қошқарбаев Рахымжан атындағы III дәрежелі "Айбын" ордені.

Қошқарбаев Рақымжан тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. 1945 жылдың 30 сәуірінде жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Кеңес одағының туын тіккен. Ол осы ерлігі арқылы сұрапыл соғысқа нүкте қойды.

Айта кетейік, бұған дейін "Amanat" партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға ұлттық симвология орталығын құру туралы депутаттық сауал жолдап, адамды даңғойлыққа итермелейтін жалған атақ пен марапаттардан құтылу керек екенін айтқан еді. 

Талқылау