"Аяз оқуға кедергі емес": "Қазақтелеком" Ақмола облысындағы Елікті ауылын жылдам интернетпен қамтамасыз етті
Ақмола облысындағы Елікті ауылының жас тұрғындары үшін оқу жылының екінші бөлігі өңірдегі қатты аязбен тұспа-тұс келді. Мектеп қабырғасындағы сабақтардың тоқтатылуы бұл жолы оқу үдерісіне кедергі болмады. Себебі жыл соңында "Қазақтелеком" мұнда радиокөпір технологиясы бойынша қондырғыларды орнатуды аяқтаған болатын. Енді міне, ауыл тұрғындары, оның ішінде мектеп оқушылары сымсыз жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.
Ақмола облысына қарасты Елікті ауылында бүгінде 561 адам тұрады. Елді мекен облыс орталығы Көкшетау қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті мектепте 92 оқушы білім алуда. Өткен жылдың соңында ауыл Wi-Fi радиокөпірі технологиясы бойынша талшықты-оптикалық магистральға қосылу негізінде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.
Мұндағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары "Қазақтелеком" технологиясының артықшылықтарын бірінші болып жоғары бағалады. Себебі 3-тоқсанның басы өңірдегі қатты аязға тұспа-тұс келгендіктен қашықтықтан оқу үдерісіне көшуге тура келген.
"Біз енді қай кезеңде де оқу үдерісінің ыңғайлы болатынын сезінудеміз. Аяз оқуды жалғастыруға кедергі болмады, балалар үйлерінде отырып-ақ білім алды. Мұғалімдерге де жеке уақытын жоспарлауға мүмкіндік көбейді. Бұрын келесі сабақтарға дайындалып, электронды күнделік толтыру үшін жұмыста кідіруге тура келетін. Енді мұның барлығын үйден де жасай аламыз",- деді Елікті орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Аят Жарданбек.
"Радиокөпірдің" ең негізгі артықшылығы жабдықты орнатып, конфигурациялауға 12-36 сағат уақыт кетеді. Ал кабельдерді ұзақ қашықтыққа төсеу кезеңі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Оптикалық талшыққа қосылу нүктесіне келген сигнал ауыл тұрғындарының үйлеріндегі антенналарға тарайды. Антеналардан роутерлерге келген толқынға пайдаланушылар кез келген гаджеттерін қоса алады.
"Салыстырмалы түрде қарасақ, Зеренді ауданындағы Елікті ауылы шағын елді мекен. Алайда мұнда өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Дүниежүзілік желіге қосылу мүмкіндігі болмаған ауыл тұрғындары үшін сымсыз интернет қолайлы жағдай жасауда. Алғашқы жиырма абонентті өткен жылдың соңында қостық. Енді келесі кезекте келіп түскен өтініштерді қарастыру қалды. Біз осылайша тілек білдірген әрбір еліктіліктерді жоғары сапалы сымсыз интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз",- деді "Қазақтелеком" АҚ бөлшек бизнес бөлімінің Орталық аймақтың B2C сегментінің коммерциялық директоры Әлия Ескендірова.
Бүгінгі таңда "радиокөпір" технологиясы талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу арқылы техникалық және экономикалық мүмкіндіктері жоқ елді мекендерге сымсыз интернетке қосылуға жағдай жасайды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
