"Аяз болып, жаңбыр жауады": Қазақстан қалаларына арналған ауа-райы болжамы жарияланды
Қазгидромет 24 қыркүйекке Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстары туралы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
"Антициклонның әсерінен ҚР көп бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болады. Тек елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында ауа – райының тұрақсыз сипаты сақталады: жаңбыр, таулы аймақтарда жауын-шашын, кейде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Республика бойынша екпінді жел болып, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін", – деді синоптиктер.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, Абай облысының батысында, Қарағанды облысының шығысында түнде 1-3 градус аяз күтіледі, Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Қостанайдың солтүстігінде, батысында Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстігінде, оңтүстігінде түнде топырақ бетінде 1-2 градус үсік түседі деп болжануда.
Қызылорда облысының орталығында, шығысында және оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында өрт қаупі жоғары.