Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аяусыз ұрып-соқты: Алматылық әйел өзін ұрыдан құтқарған адамды іздеуде

Алматыда үш баланың анасын белгісіз біреу тонап, аяусыз ұрып кетті. Соққыға жығылған әйел өзін құтқарған жігітті іздеуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Белгісіз ер адам жұмысқа бара жатқан әйелге шабуыл жасаған. Қуанышқа орай, оны жаяу жүргінші құтқарып қалыпты. Алайда әйел өзін кімнің құтқарғанын білмейді. 

Жәбірленушінің әпкесі Раушан Иманәлі оқиға туралы айтып берді. 28 қараша күні таңертең 33 жастағы Алма (жәбірленушінің өтініші бойынша аты өзгертілді - автордың ескертпесі) үйден шығып, Жұбанова көшесімен келе жатқан. Оны жұмысқа қызметтік көлікпен алып кетуі керек болған.

«Менің сіңлім көшеден әлдекімнің келе жатқанын көргенде қорқа бастайды. Ол жанынан өтіп кеткенде қайта тыныштала бастаған, алайда қауіп артындағы белгісіз ер адамнан төніп тұрғанын сезеді. Жалт қарағанда алған соққысынан есінен тана құлапты. Бұл кезде тонаушы сырғасы мен алтын жүзіктерін шешіп алған. Өзінің бет-жүзін көрсетпеу үшін тағы да жұдырықтай бастайды. «Көмектесіңіз» деген дауысқа әлдебір ер адам жүгіре жеткен екен. Ол тонаушыны қуа жөнелгенде, сіңлім үйге қашып кеткен», - дейді Раушан.

Алма үйіне жетіп, күйеуіне болған жайтты баяндаған. Олар дереу жедел жәрдем мен полиция шақырды. Жәбірленушінің беті көгерген, миы қатты шайқалған. Мұрнына ота жасату керек. 

«Ол қазір ауруханада жатыр. Сыртқа шығуға қорқады. Сірә, оған психологтің көмегі керек болады», - деп күрсінеді әпкесі.

Алманың туыстары қазір алғыс айту үшін құтқарушыны іздеуде.

Талқылау