Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аяқ-қолын басқара алмайды, адам танымайды": Алматы облысында 9 жасар қыз ашық жатқан кәріз құдығына құлап, мүгедек болып қалған

Алматы облысында жол бойында ашық жатқан тереңдігі 8 метр кәріз құдығына құлап, мүгедек болған 9 жастағы қыздың ата-анасы кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Оқиға Алматы облысының Қарасай ауданында 2022 жылдың қарашасында болған. Әкесімен үйіне қайтқан Малика жол ортасында ашық жатқан кәріз құдығына құлап кетіп, басынан ауыр жарақат алған. Баланың өмірін сақтап қалу үшін олар шетелдік медицинаға жүгінген. Десе де 9 жастағы қыз қазір 1-топтағы мүгедек саналады.

Сөздерінше, 2 жыл өтсе де, арыз қабылдаған полицейлер еш әрекетке көшпепті. Тіпті істің тоқтағаны жайлы хабар бермеген. Көшеде ашық жатқан кәрізге жауапты адам күдікті ретінде танылмаған да дейді.

“Жалғыз қызымды тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай асырап отырғанымда осылай болды. Бас сүйегіне ота жасау керек. үркияға апарып, басына шонт қойдырдық. Соған қайтадан ота жасауға тура келіп тұр. Қызым қазір адам танымайды. Не ішіп, не жеп жатқанын білмейді. Тамақты мөлшерімен ғана береміз. Түнімен жылайды”, – деді Маликаның әкесі Ақылжан Өмірзақов.

2 жыл бұрын ойнап-күліп жүрген бүлдіршін қазір өздігімен қозғалуға да шамасы келмейді. Миға қатты зақым келгендіктен, аяқ-қолын басқара алмай қалыпты.

Ата-ана болған іске кәріз құдығына жауапты азаматты кінәлайды. Олар оның үстінен арыз да жазған, бірақ құзырлы органдар оны күдікті деп танымады дейді.

“2 жылдан бері іс қозғалмай тұр. Полиция есігін тоздырдық. Тергеушіден тергеушіге ауысады да жатады. Қызымның іс қаралмайды. Қандай іс қозғап жатқанын да айтпайды. Қандай бап, не болып жатыр деп сұрағанмын. "Адвокатпен келуің керек, сол кезде жауап беремін" деді. Адвокатпен де бардық, оған да жөнді жауап айтпай отыр”, – деді Маликаның анасы Үрзия Құрбаниязова.

Полиция жағдайға қатысты пікір білдірмеді. 

Ата-ана енді заңгер арқылы істің соңына дейін баруды көздеп отыр. Олар оқиғаға қатысты қылмыстық істің қозғалып, сот арқылы кінәлі тараптың өтемақы төлеуін талап етті.

Талқылау