Аягөз тұрғындары қаланың қысқа дайын емес екенін айтып ашуланды (видео)
16 қазанда күндіз жылыту магистралінде апат болып, салдарынан аягөздіктер жылусыз қалды. Жергілікті тұрғындар пәтерлеріндегі батареялардың суық екенін және қаланың қысқа дайын емес екенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан скринделген
"Жылу жүйесіндегі апатқа магистральдегі Ø159 желілері істен шығуы себеп болған. Бұл кезде қазандықтар жұмыс істеп тұрған. Апат 16:00-де толық жойылды", – деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек өңір басшылығы осы күні 23:00-ге қарай қала бойынша жылу жүйесі қалпына келтірілгенін атап өтті. Температура біртіндеп көтеріліп, таңға қарай 50 градусқа жетті.
Алайда әлеуметтік желіде Аягөздің бір ауданында түсірілген видео таралып жатыр. Тұрғын қаладағы қазандықтың әлі де толық қуатта жұмыс істемей тұрғанына ашуланды. Қала көшелерінде әлі күнге дейін жер қазылып жатқанын байқауға болады. Осы уақыт аралығында аягөздіктердің айтуынша, пәтерлер суық болған.
Аягөз тұрғындары қаланың жылыту маусымына дайын емес екенін айтып наразы болды.
"Құрметті президент мен сізге Аягөз халқының атынан және өзімпнің атымнан үндеу жасап отырмын. Қаладағы Әуезов, 12 мекенжайындағы үйім осы орталық жылу қазандығына тікелей қарайды. Бізде қазандық жылу маусымына дайын емес. Әсіресе бүкіл ел бойынша Шығыс Қазақстан, Абай облысы, Солтүстік Қазақстан облыстары, соның ішінде Петропавл, Астана, Қостанай қалаларына 1 қазаннан бастап жылу қосылды деп хабарлама жасалды. Бірақ бұл ол шындыққа жанаспайды. Бізге тек 16 қазанда қосылды. Қазір аягөзөдіктер өте суық үйде мұздап отырмыз. Міне, батареямыз тастай суық", – деп ашуланды қала тұрғыны.
Әйелдің айтуынша, далада түнде -6, -2 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 0 градусты көрсетіп тұр. Аймақта қар жауып, мұз қатып жатыр. Дәл осындай суықта біздің қазандық әлі қысқы маусымға дайын емес дейді тұрғын.
"Өйткені трубаларды ауыстыратын мердігердің үстінен қала әкімдігі тексеріс жасамағаннан кейін өз жұмысын дұрыс атқармай отыр. Екібастұздың кебін киіп отырмыз. Бұған дейін мектептерде 30 минут болып жатқан сабақтар онлайн режимге көшті. Балабақшаларда да суық болғандықтан балаларды үйге қайтарып жатыр. Осы мәселеге қатысты 8 адамды жауапқа алуыңызды сұраймыз. Президент мырза, осылай тоңып отыра береміз бе? Аягөз халқына көмектесіңізші", – деді қала тұрғыны.
Артынша әкімдік барлық жұмыстың толық көлемде орындалғанын, жылу жүйесінің траншеяларын қайта көму жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
"Әлеуметтік маңызы бар нысандарға орталықтандырылған жылу беру 5 қазанда басталды, тұрғын үйлер 15 қазан күні қосылды", – деп нақтылады Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Айта кетейік, биыл Аягөз қаласындағы 4,2 шақырым жылу трассасын жөндеуге облыстық бюджеттен 302,4 миллион теңге бөлінген. Алайда мердігер ұйыммен келісімшарт тек 2024 жылғы 4 тамызда ғана жасалған.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Саран қаласынан кейін, апат салдарынан еліміздің шығысындағы Аягөз халқы жылусыз қалғанын жазған едік. 16 қазан сағат 15.00-де Ø159 ысырмасының істен шығуы себебінен жылумен жабдықтаудың авариялық ажырауы болды. Алайда қазандықтар жұмысын тоқтатпағаны туралы айтылды.