Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Ай сайын 700 мың теңге жинайды»: Астанада ата-аналар жаттықтырушының әрекетіне шағымданды

Астанадағы №2 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебіне баратын жас мәнерлеп сырғанаушылардың ата-аналары жаттықтырушының заңсыз ақша жинаумен айналысатынын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

фото: egemen.kz

Ата-аналардың наразылығын "Әділдік жолы" РҚБ Астана қалалық филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, спорттық жаттығуларға бөлініп жатқан қаржының қайда жұмсалып жатқандығын тексеру қажет.

“Астана әкімдігінің №2 балалар мен жасөспірімдерінің мамандандырылған спорт мектебінде оқитын жас мәнерлеп сырғанаушылардың ата-аналары мектептегі ақша жинау туралы айтып, шағымданды. Ата-аналар ақшаны ай сайын жинайды дейді. Біресе жаттығу үшін, енді бірде еш мәні жоқ жаттығуларға, одан қала берді бағдарламаны қою үшін, содан кейін іссапарлардың жол ақысы, осылай кете береді. Бұл жерде коммуналдық мемлекеттік мекеме екенін ұмытпағанымыз жөн. Мемлекеттік мекеме бола тұра бұл шығындардың барлығын өкінішке қарай ата-аналар көтеріп отыр”,- деп жазды "Әділдік жолы" РҚБ Астана қалалық филиалының басшысы.

Филиал басшысының айтуынша жаттықтырушы ата-аналардан ай сайын кемі 700 мың теңге көлемінде ақша жинайды.

“Олардың есебі бойынша жаттықтырушы ай сайын топтан 700 мың теңгеден астам ақша жинап келген (бұл жаттықтырушының жалақысынан бөлек сомма), ал маусым сайын (10 ай) бұл сома 7 миллион теңгеге дейін жетеді. Ата-аналардың бірінде тіпті 1 300 000 астам соманы жаттықтырушының жеке шотына аударғанын растайтын түбіртек бар”,- деп мәлімдеді Дархан Құлжамбеков.

Ата-аналар бұл жағдай бойынша құзырлы органдарға шағымданғанымен, ешқандай жауап ала алмаған. 

“Неліктен ата-аналар мемлекет ақша бөліп отырған дүниелерге өз қалталарынан шығарып төлеуі керек деген заңды сұрақ туындайды. Біз әрине дені сау ұрпақ болғанын және салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Бірақ неге біздің елде сөз бен іс сәйкес келмейді?! Ата-аналар аталған мәселемен бірнеше рет мектеп пен мемлекеттік мекемелердің басшылығына жүгінсе де, мардымды жауап ала алмаған”,- деп жазды белсенді өз парақшасында.

Талқылау