"Автоматын сілтеп тұр": Петропавлда бір топ жас көшеде дүрбелең тудырды
Петропавлда көшеге ойыншық автомат ұстап шыққан жастар полицейлердің назарын аударды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кешкілік уақытта Петропавл орталығында автомат ұстап жүрген жастар қалалық полицияның жедел басқару орталығының қызметкерлерінің ғана емес, өзге да адамдардың да назарын аударды.
"Оқиға кешкі сағат 22.00 шамасында Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы мен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы автотұрақта болған. Жасөспірім автоматын сілтеп тұрған. Видеодан оның шын немесе ойыншық автомат екенін анықтау қиын, полиция адамдардың қауіпсіздігіне көз жеткізуі керек еді", - деп түсіндірді полицияда.
Автоматтың ойыншық екеніне көз жеткізген тәртіп сақшылары жастармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Яғни жасөспірімдерге сағат 23.00-ден кейін ата-анасыз жүруге болмайтынын, карантин талаптарын сақтау қажеттігін және топтасуға тыйым салынғанын ескертті.
"Жедел басқару орталығы бейнекамераларының құқықтық тәртіпті сақтауда атқарар рөлі зор. Олар қоғамдық және жол қозғалысындағы қауіпті учаскелерді бақылауға алған. Жұмыс барысында түрлі, кейде тіпті күлкілі жағдайлар болып жатады. Бірақ біз қауіп тудыруы мүмкін оның әрқайсын тексеруге міндеттіміз, - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы Нұрлан Мұхаметжанов.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
