Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жігіт автобуста әжейден таяқ жеген соң модельге айналды

Фото: Шыңғыс Алангазиннің жеке парақшасынан 

Көкшетаулық жігіттің автобуста бейтаныс әжеден таяқ жеген видеосы көпшілік арасында кеңінен тарады. Осы видеодан кейін ол модельге айналып, әлемдік агенттіктен ұсыныс алған. Енді ол Еуропада өтетін сән әпталығына қатыспақ. Өзінің ерекше оқиғасын Шыңғыс Алангазин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында айтып берді. 

Видеодағы жігіт 22 жастағы көкшетаулық Шыңғыс Алангазин болып шықты. Ол модельге айналмай тұрып, фотограф болып істеген. Шыңғыстың айтуына қарағанда, былтыр, яғни 2024 жылы қыста әдеттегідей автобусқа мінген. Автобустың ішінде адам лық толы болған. Шыңғыс жол қысқарту үшін смартфоны арқылы шахмат ойнаған. Бір кезде қолы ұйып кеткен соң, бір қолын екінші қолына сүйеп тұрған. Дәл сол сәтте жанында тұрған әжейден оңбай таяқ жеп қалған. 

“Әлгі әже менің қолымды түсіру үшін бірнеше рет сөмкесімен ұрды. Барынша сабыр сақтадым, бірақ дәл сол кезде мені қалай ұрып жатқанын видеоға түсіре бастадым”, – дейді Шыңғыс. 

Шыңғысты бейтаныс адам тоқпақтап ұрып жатса да, ол дөрекілік танытпай, ұрыспай, күліп, өзін видеоға түсіруді жалғастыра берген. Кейін осы бейнесін әлеуметтік желіге жариялаған. Бір қызығы, бұл видеосы кеңінен тарап, 6 миллионнан астам рет қаралыпты. Желі қолданушылары оның сабырлығына тәнті болып, қолдап, пікірлерін жазған. Оған қоса ертесі оған қазақстандық модель агенттігі хабарласып, онымен келісімшарт жасап, өздерінің моделі еткісі келетінін жеткізген екен.

Шыңғыс өзіне туған мүмкіндікті жіберіп алмау керек екенін жақсы түсініп, бірден келіскен. Ол әуелі агенттіктің курсына тегін қатысыпты. Онда жас жігіт дефиледе жүруді, актерлік шеберлікті үйренген. Камераның сыртында жүрген фотограф жігітке камера алдында жұмыс істеу ерекше ұнапты.

“Курсқа қатысқаннан кейін өзіме сенімім артты. Кәдімгідей тәжірибе жинап, үйреніп қалдым”, – дейді Шыңғыс.

Сонымен қатар ол әлемдегі ең беделді агенттіктердің бірі – IMG Models-пен де келісімшарт жасасқан. Қазір Шыңғыс шетелге визасын рәсімдеп жатыр. Биыл қыркүйекте Милан, Парижде өтетін сән апталықтарына қатысуды жоспарлап отыр.

Chingis Algazin

Фото: imgmodels

“Осы видео менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қуаныштымын. Бұйырса, күзде мені Париждің немесе Миланның сахнасында көресіздер. Басқа адамдарға да осындай сәттілік тілеймін. Мен сияқты модель болғыңыз келсе, кастингтерге барыңыз. Өзгелердің “Сенен модель шықпайды” деген пікірлерін тыңдамаңыздар. Өзіңізге сеніңіз. Бұл өмірде бәрі мүмкін, бастысы тоқтамаңыз”, – дейді Шыңғыс Алангазин.
Наргиза Аршидин
Жұма, 13 Маусым, 2025 15:38
Талқылау