"Автобус жолақысы 500 теңгеге жетуі мүмкін бе": Үкімет блогердің сөзіне пікір білдірді
Фото: 1.Kazenergy / 2. Stan.kz
Әлеуметтік желілерде блогердің "Астана мен Алматыда автобуспен жүру құны 500 теңге болуға тиіс" деген сөзі қызу талқыға түсті. Бұл мәселеге бүгін үкіметтегі брифингте де пікір айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қоғамдық көлік – бұл ең алдымен халыққа арналған қызмет. Сондықтан жолақы күрт өспейді.
"Жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Әрине, егер қоғамдық көлік үшін қандай да бір шығындар өссе, мемлекет бұл бағытта қолдау көрсетеді", – деді Біржанов.
Бұған дейін Алматы мен Астана әкімдіктері қоғамдық көліктегі тарифті көтеру мәселесі қазір қарастырылмайтынын мәлімдеген еді.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы Олжас Байділдинов Астана мен Алматыда автобус билеті 500 теңге болуы керек деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, көлік компаниялары шығынмен жұмыс істеп жатыр, ал қазіргі тарифтер олардың шығындарын өтемейді. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі блогер ешқандай есеп немесе ресми дәлел келтірмегенін айтып жатыр.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді