Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Австралияда баспана сұраған Иранның жеті футболшысының бесеуі елге ораламыз деп шешті

Австралияда баспана сұраған Иранның жеті футболшысының бесеуі елге оралуға шештіФото: Getty Images

Австралияда саяси баспана сұраған Иран әйелдер футбол құрамасының капитаны Захра Ганбари өтінішін қайтарып алды. Бастапқыда Иран делегациясының жеті мүшесі, яғни бес футболшы мен екі қызметкер елге оралмайтын болып шешкен еді. Бірақ кейін олардың бесеуі шешімін өзгертіп, Отанға оралуға бел буды. Олардың ішінде Захра да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның IRNA агенттігінің мәліметінше, Захра Ганбари Австралиядан Малайзияға ұшып, кейін Иранға оралады. Ирандық БАҚ спортшының шешімін қолдады. Басылым мұны “туған елінің құшағына оралу” деп сипаттаса, Mehr бұл қадамды “патриоттық шешім” деп атады.

Сенбі күні екі футболшы мен бір командалық қызметкер өз өтініштерін қайтарып, Малайзияға кеткені белгілі болды. Олар Тегеранға ұшудың мүмкіндігін күтіп отыр. Өткен аптада тағы бір футболшы баспана сұраған өтінішін қайтарған еді.

Капитанның шешімінен кейін қазір екі әйел ғана Австралияда қалуды жоспарлап отыр.

Австралия билігі әлі Ганбари жағдайына қатысты пікір білдірген жоқ.

Иран құрамасының Азия Кубогының алғашқы матчына қатысуы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттерінің басталуымен тұспа-тұс келді. Ойынның басында футболшылар Ислам Республикасының гимнін орындамады, осылайша олар мыңдаған ирандықтар сияқты елдегі режимінің құлауын қалайтынын жеткізді.

Сол күні ирандық БАҚ оларды “сатқын” деп атады. Алайда келесі матчта футболшылар гимн орындап қана қоймай, патриоттық қимылдар жасады.

“Алғашқы ойыннан кейін спортшыларға айқын қысым жасалды. Мүмкін олардың Ирандағы туыстарымен қорқытқан болар”, – дейді Адам құқықтарын қорғаушылар.

АҚШ президенті Дональд Трамп дереу Австралия билігін футболшыларға баспана беруге шақырды. Австралия Ішкі істер министрі Тони Бёрк билік ойыншыларға бірнеше рет барлық ықтимал шараны талқылауды ұсынған.

“Австралия үкіметі бұл әйелдердің болашағы қауіпсіз болуы үшін барлық мүмкіндікті жасады”, – деді Тони Бёрк.

Иранның Спорт министрлігі жағдайға өз бағасын берді.

“Иран әйелдер футбол құрамасының ұлттық рухы мен патриотизмі жаулардың жоспарларын құрдымға жіберді”, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ министрлік Австралия үкіметін “Трампқа қызмет етіп отыр” деп айыптады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 09:33