Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Авиация сән әлеміне қалай әсер етті және экипаж формасы туралы не білеміз

Авиациядағы сән – бұл мәдени және тарихи өзгерістердің айнасы. Сонымен қатар, бренд пен кәсібиліктің символы. 1930-жылдары алғашқы бортсеріктер пайда болған сәттен бастап экипаж формасы ыңғайлы әрі қатаң стильдегі киімдерден қазіргі заманғы функционалды костюмдерге дейін айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі күні ол тек авиакомпанияның имидж элементі ғана емес, сондай-ақ қауіпсіздік пен жайлылықтың маңызды бөлігі болып саналады. Біз авиациялық сәннің қалай пайда болғанын, оның әлемге қалай әсер еткенін және не себепті борт формасы сырттай қарағанда күрделі көрінетінін ашып айтайық.

Тарихына қысқаша шолу жасайық

"Авиатор" стилі өткен ғасырдың 20–40-жылдары АҚШ-та, адамдарда авиацияға деген қызығушылық көбейген кезде дүниеге келді. Көпшілік соғыс батырлары мен аспанды бағындырған ұшқыштар сияқты болғысы келді. Осылайша, ұшқыш формасына деген әлемдік қызығушылық оның жаппай өндірілуіне жол ашты. Бұл киім үлгілері сыртқы тартымдылығымен қатар, ыңғайлылығымен де ерекшеленді.

Уақыт өте келе жастардың гардеробтары ұшқыш формасының элементтерімен толықты. Бұл киімдер еркіндікке ұмтылу мен даралықты көрсетудің бір жолына айналды. Осылайша, 50-жылдары "авиатор" стилі қарапайым халық арасында нақты орнығып, танымал бола бастады.

Келесі онжылдықта бұл стиль дамып, жаңаша сипат ала бастады. Жаңа технологиялар мен материалдар оның одан әрі ыңғайлы әрі функционалды болуына ықпал етті. Курткалар су өтпейтін маталардан тігіліп, олар енді ылғал мен желге төтеп бере алатын болды.

Авиациялық киім 80-жылдары нағыз сәнге айналды. Дизайнерлер классикалық стильге жаңа көзқараспен қарап, ұстамды түстер палитрасын жарқын түстер мен ерекше кестелермен әрледі. Жастар арасындағы еркін топтар сәннің шыңында болған аяқ киім, куртка, көзілдіріктерді киюді парыз санады.

Бүгінгі таңда авиациялық мотивтер классикаға айналған. Күнделікті киіп, көріп жүрген, алайда қалай, қашан пайда болғанын біле бермейтін киімдердің тарихына үңіліп көрейік.

Авиациядағы сәннің дамуы

Ұшқыштардың киім стилінің түрлері өте көп. Олар жапсырма қалталар, жаға, манжеттермен, кестелі тігістермен және басқа да бөліктермен ерекшеленеді.

Барлығы 20-жылдары сәнқойлардың жүрегін жаулап алған комбинезондардан басталды. Жазғы ұшқыш комбинезондары тек сыртқы стилімен емес, сондай-ақ өте ыңғайлылығымен авиациялық стильдің негізіне айналды.

"Авиатор" стилін сүйетіндердің гардеробындағы ең танымал элементтердің бірі 30-жылдары күтпеген жағдайларда пайда болды. Ұшқыштар ұшу кезінде күн сәулесінің көзді ауыртатынына жиі шағымданған. Осыған байланысты 1936 жылы Bausch & Lomb атты әскери оптика жеткізушісі жаңа күннен қорғайтын көзілдіріктің дизайнын жасауға тапсырыс алды. Бұрынғы үлгілерден бұл көзілдіріктер үлкенірек және қараңғы линзаларымен ерекшеленді. Олар ұшқыштарды күннен қорғап, ыңғайсыздықты азайтты. Осылайша бүгінде классикаға айналған "Ray-Ban Aviators" немесе жай ғана "авиатор" көзілдірігі пайда болды.

Шамамен осы кезеңде бәріміз сүйіп киетін бомбер де сәнге енді. Авиация енді ғана дамып келе жатқан кезде ұшқыш кабиналары ашық болатын. Ал ауа райы мен сырттағы температура ұшқыштар үшін үлкен сынақ болды. Сол кезеңде олар үшін табиғи былғарыдан ұзын пальто тігілетін, бірақ бұл өте ыңғайсыз еді. 30-жылдардың соңында америкалық әскери күштер денеге тығыз жабысып тұратын, жел өтпейтін куртка – бомберді шығарды.

50-жылдардан бастап бомбер жекеменшік мектеп түлектері арасында танымал бола бастады. Кейін бұл модель субмәдениет өкілдерінің сүйікті киіміне айналды. Қазіргі таңда бомбер – көптеген адамдардың гардеробының ажырамас бөлігі. Оның түстері, түрлі материалдардан жасалған түрлері кез келген жағдайда киюге мүмкіндік береді.

Ұшқыштар мен бортсеріктер формасы

Алғашқы азаматтық әуе жолдары 1920-жылдары пайда болды. Бастапқыда бортсеріктердің жұмысымен тек ер адамдар айналысқан. Стюардтардың формасы ұшқыштардың формасына өте ұқсас еді. 1930-жылдары ерлер ұжымын әйелдер толықтырды. Алғашқы бортсерік әйел – америкалық Эллен Черч. Ол өзінің ұшу киімін өзі ойлап тапты. Кейінірек авиакомпаниялар әйел стюардессалардың формасы қандай болу керек деген сұрақ төңірегінде ойлана бастады. Көзқарастар түрліше болды: мерекелік киім үлгілерінен бастап, қазіргі кездегідей ұстамды классикаға дейін. Ең бастысы – авиакомпанияның құндылықтарын көрсету және бортсеріктердің қызметінің мәнін жеткізу болды. Өйткені олар ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап береді.

Қазіргі таңда экипаж формасы әртүрлі елдерде әрқалай және кейде ұлттық мәдениет пен дәстүрге байланысты стандарттардан өзгешеленуі мүмкін. Centrum Air авиакомпаниясының формасы – бұл терең көк түсті классикалық, ұстамды костюм. Бортсеріктер үшін форма тізеден төмен тік етекті белдемше немесе классикалық шалбар нұсқаларында ұсынылған. Қозғалысқа ыңғайлы форма ұстамды көрсетеді. Екі нұсқа да ерекше назар аудартпайды. Бірақ қараған кезде сергектік сыйлайды. Киім үлгісі жай ғана сәндік аксессуар емес, маңызды элемент саналатын әдемі орамалмен толықтырылған.

Бәрі біз ойлағандай оңай емес

Бортсеріктердің мойнына тағатын орамалы 1930-жылдардан бастап форманың маңызды элементіне айналды. Бұл гардероб деталі алғашында тек сән үшін деп қабылданғанымен, оның шын мәнінде көпшілік біле бермейтін функционалды мәні бар еді.
Мысалы, түтін болған жағдайда бұл орамалды ауыз бен мұрынды жабу үшін маска ретінде қолдануға болады. Ал төтенше жағдайда жараланған жолаушыларға таңғыш ретінде пайдалануға болады. Осылайша, бұл аксессуар корпоративті имидждің бір бөлігі ғана емес, қажет кезде адам өмірін құтқаратын құралға да айналуы мүмкін.

Centrum Air бортсерігі Амалия Душацкая форманың басқа да қырлары туралы айтып берді:

"Бір қарағанда байқала бермейтін, бірақ өте маңызды жайт – не үшін біз форманы киеміз және оның қажеттілігі неде. Әрине, біз де жолаушылар секілді киіне алар едік. Бірақ біздің формамыз – бұл белгі. Төтенше жағдай болған кезде біз жолаушылардан ерекшеленеміз және назар бізге аударылады. Бұл бізге көмек сұрап жүгіну үшін қажет. Ал біз, өз тарапымыздан, жедел көмек көрсетуге дайын боламыз.
Уақыт өткен сайын талаптар да жеңілдеп келеді. Бұрын өкшелі аяқ киім мен юбка міндетті болса, қазір кейбір авиакомпаниялар бортсеріктерге біркелкі әрі фирмалық кроссовкалармен ұшуға рұқсат береді. Кейбір елдерге біз тек шалбармен ғана ұшамыз. Маусымға қарай жылы шарфтар, пальтолар мен қолғаптар енгізіледі."

Байқағанымыздай, көпшілігіміздің гардеробымызда авиациялық форма шабыт берген элемент бар екен. Осы мақала арқылы сіз авиация саласына тағы бір қадам жақындадыңыз. 

Талқылау