Авиация комитеті Қарағанды облысындағы ұшақ апатының себептерін атады
Көлік министрлігінің Авиация комитеті төрағасы Талғат Ластаев осыдан бірнеше күн бұрын Қарағанды облысында болған ұшақ апатына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берді. Комитет төрағасы қазіргі уақытта тергеу жүріп жатқанын айтты.
"Апаттан кейін тергеу амалдары бірден басталды. Оқиға орнына мамандар барды. Әуедегі ұшақ апаты бойынша негізі үш нұсқа қарастырылады. Ол адами фактор, техниканың істен шығуы, және сыртқы әсерлер", - деді Талғат Ластаев.
Авиация комитетінің басшысы, нұсқаушының тәжірибелі болғанын айтты. Тергеу қорытындысы бойынша нәтижелер қосымша хабарланатынын да айтты.
"Нұсқаушы ұшқыш тәжірибелі, ол әуеде 1097 сағат ұшқан. Алғашқы дайындықты Жуковский атындағы әскери-әуе академиясының әскери-әуе күштерінің жоғары оқу орталығында өткізді. Оған куәлік 2019 жылы берілді. Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты, әскери дәрежесі – қатардағы жауынгер", - дейді ол.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйекте Қарағанды облысында оқу-жаттығу ұшуы кезінде P2002 типті UPLA286 ұшағы апатқа ұшырап, екі адам қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.