"Аутизмі бар балалардың дамуына көмектескім келеді": Қарағанды облысында Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында табысты кәсіп ашқандар кімдер
Биыл 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр, яғни жас кәсіпкерлер мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие бола алады. Қарағанды облысындағы табысты жобаларымен Stan.kz тілшісі танысып қайтты.
Елімізде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында мемлекеттік грантпен арманын кәсіпке айналдырғандардың бірі - қарағандылық Кристина Вороновская. Ол биыл business.enbek.kz сайтында грантқа өтінім беріп, қазақ тілінде АВА-терапия кабинетінің бизнес жоспарын ұсынған. Осылайша 1 380 000 теңгенің грантын иеленіпті. Мақсаты ерекше, яғни аутизмі бар балалардың дамуына көмектесу болған. Бүгінде кабинетін жабдықтап, күніне 2-3 сағаттан аптасына 10 бала қабылдап отыр.
Атап өтейік, еліміз бойынша 2023 жылы 191 грант беру үшін 263,58 миллион теңге қаражат бөлінген. Грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге).
Кәсіби биші Ақерке Зулхарнай болса, грантты шығармашылық бағытқа жұмсаған.
“10 биші қыздардан тұратын “Асылым” тобын ашып, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттап, төл мәдениетімізді дәріптеп жүрміз. Қаржыға ұлттық киімдер тіккізіп, жаңа би қойылымдарын дайындап жатырмыз. Тапсырыспен тойға шығып, тапқан нәпақаны ұжым мүшелеріне төлеймін”, – дейді 29 жастағы жас кәсіпкер.
Еске салайық, порталда орналастырылған гранттар кестесіне сәйкес business.enbek.kz. 3 топқа өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 11 қыркүйегінен 22 қыркүйегіне дейін өтеді.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде беріледі.
- көпбалалы отбасылар;
- асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
- қоныс аударушылар;
- қандастар;
- еңбекке жарамсыз көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар және
- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар.
Ықтималды грант алушыларға, егер олар өтініш бергенге дейін ресми түрде жұмыссыз болған жағдайда беріледі. Бұл мәртебеде үш жылдан аз жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерде мемлекеттік қолдауға ие бола алады.