"Құдаймен келісімге отыратынмын": Қазақстандық әйел Рамазан айында қалай тілегі қабыл болғанын айтып берді
Алматылық Айым Нұрлыбекқызы 2022 жылы тұрмысқа шыққан соң жүкті болып, кейін түсік тастаған. Артынша оған ревматоидты артрит диагнозы қойылып, жүктілікке тыйым салынды. Біраз уақыт өте келе ол Рамазан айында перзент сұрап, көп ұзамай жүкті екенін білген. Айым Stan.kz тілшісіне қасиетті айда барлық тілек қабыл болатынын және ауруға қарамастан ешқашан үміт үзбеу керек екенін айтып берді.
Фото: Stan.kz / Айым Нұрлыбекқызы
"Неге мен?" деп өзімді кінәлап, жылай бердім"
Айым Нұрлыбекқызы 24 жаста, Кентау қаласының тумасы. Ол Алматы қаласына оқуға түсіп, 2022 жылы оқуын аяқтады. Сол жылы күтпеген жерден тұрмысқа шығып, отбасын құрған.
"Түсіктен кейін буындарым ауыра бастады. Таңертең аяқ-қолым ауырып тұратын. Алайда бұның неден пайда болғанын білмеймін. Бұл ауруға бастапқыда мән бермей жүре бердім. Үйдің тірлігін көп істеп қойған соң, содан шаршайтынмын деп ойладым. Ауру 2022 жылдың қыркүйегінде басталды. Кейін келесі жылдың ақпай айында саусақтарым да ісіп кеткен соң дәрігерлерге қаралдым. Ревматологқа (буын, бұлшықет, сүйек және дәнекер тіндердің ауруларын диагностикалайтын және емдейтін дәрігер) бардым. Дәрігер 2023 жылдың наурыз айында маған ревматоидты артрит диагнозын қойды. Осы кезде бұл ауру жайлы мүлде білмейтінмін. Кейін анықтағанымдай, ол емделмейді екен", – деді Айым Нұрлыбекқызы.
Айым әр апта сайын метотрексат препаратын (аутоиммунды және қабыну ауруларын емдеуге арналған дәрі) қабылдады. Бұл дәрі бауырға зиян әсер ететіндіктен, оны қолдану кезінде жүкті болуға тыйым салынады.
"Күнде “Неге мен?” деп өзімді кінәлап, жылай бердім. Себебі ауруым асқынғанда буындарым қатты ісіп, ауыратын. Кейде орнымнан тұра алмай қалатын күндер болды. Сол қиын сәттерде күйеуім маған үлкен қолдау көрсетті. Маған ауыр жұмыс істетпей, барлық жағдайымды жасады. Тіпті үй шаруасына да көмектесіп жүрді. Алматыдан жақсы ревмотологты табу өте қиын болды. Тіпті кейбіреуі өзінің ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) секілді қажет емес дәрілерін ұсынатын. Кейін біраз уақыттан соң жақсы маман тауып соған қаралдым. Дәрігер 1 жыл бойы бала көтеруге болмайды деп ескертті", – деді Айым Нұрлыбекқызы.
“Сен аурусың, денсаулығыңды ойласаңшы” деді”
Ата-енесі де Айымның денсаулығына бейжай қарамай, әрдайым түсіністік танытқан. Оған ешқандай үй шаруасын істеткізбейтін. Күйеуі де ауыр жұмыс істеудің қажеті жоқ екенін жиі айтып отыратын. Туыстары да "неге бала көтермейді?" деп қысым көрсетпеген.
"Негізі, ауру көктем, күз айларында қатты қозып кетеді. Ауыра бастағанда көңіл-күйіме де әсер етіп, жылап қалатынмын. Осылай жүргенде бұл аурумен өмір сүруді үйренуім керек екенін түсіндім. "Енді жыламаймын. Денсаулығымды күтіп, өмірімді жалғастырамын!" деп өзіме сөз бердім. Сол сәттен бастап бұл дертке жеңілірек қарай бастадым. Бір күні күйеуім Ресейден келген жақсы ревматолог дәрігерін тауып, соған қаралуымды өтінді. Ол дәрігер бірден көңілімнен шықты. Ол метотрексаттың орнына зияны аздау басқа препаратқа ауыстырды. Сөйтіп, 2024 жылдың наурыз айында мен метотрексатты толықтай тоқтаттым", – деді Айым Нұрлыбекқызы.
Дәрігерлер Айымға қабылдаған дәрісінен кейін 6 ай бойы жүкті болуға болмайтынын ескерткен еді. Бірақ дәл осы уақытта қасиетті Рамазан айы басталды және Айым ораза ұстаймын деп шешім қабылдады. Көпшілік оның бұл ниетін құптамаған.
"Сен аурусың, денсаулығыңды ойласаңшы” деді. Бірақ мен “Жоқ” деп, аузымды бекіттім. Күн сайын Алладан тілейтінмін: “Аллам, маған перзент бер. Бірақ мен сенен оны бүгін, ертең немесе 6 айдан кейін бер деп сұрамаймын. Қашан мен оған дайын болсам, сол кезде берші” деп ниет еттім. Алланың Әл-Халиқ, Әл-Мусаууир, Әл-Бари деген көркем есімдерін күнде қайталай бердім. Сонымен Рамазан айының аяқталуына 1 апта қалғанда жүкті екенімді білдім. Не қуанарымды, не мұңаятынымды білмедім. Бірден ревматологыма жаздым. Ол кісі қабылдауға шақырды. Ревматологтармен ақылдаса келе 90%-ы жүктілікті тоқтату керек деді. Себебі баланың жүрегінде ақау болуы мүмкін деп ескертті", – деді Айым Нұрлыбекқызы.
“Алладан берілген сый, қабылда”
Айым бұл уақытта ревмотологтан бөлек репродуктологқа да қаралып жүрген. Мұнда репродуктолог аруға маман секілді емес, жақын адамы секілді ақыл-кеңес айтқан екен.
"Дәрігер "Сізді әйел ретінде түсінемін, сондықтан сізге ешнәрсе айта алмаймын. Шешімді өзіңіз қабылдаңыз. Дегенмен бұл саған Алладан берілген сый, қабылда" деп кеңес берді. Ол кісі мені одан сайын қанаттандырып жіберді. Күйеуім екеуміз ақылдаса келе 1 скринингқа дейін күтеміз деп шештік. Екеумізде қызық сезімдер болды, ешкімге қуанып та айта алмаймыз. Сөйтіп 3 ай бойы үйде жаттым. Мүлде далаға шықпадым, ауыр жұмыс істемедім. Тіпті тамақ та жасамайтынмын, күнде тапсырыс беретінмін. Құдайдан дені сау бала дүниеге әкелуді тіледім”, – деді Айым.
Осылай көптен күткен маңызды күнде келді. Айым мен күйеуі алғашқы скринингке барған. Ол қатты уайымдап, дәрігерлер не айтарын білмей, бәрін Аллаға тапсырды. Тексеру нәтижері жақсы болған. Осы күннен бастап күйеуі әйелінің денсаулығына ерекше көңіл бөліп, ауыр жұмыс істеуге рұқсат бермеді. Әрбір скрининг пен анализге бірге барып, жанынан табылған.
"2024 жылдың 30 қарашасында Хадиджа есімді қызымды дүниеге әкелдім. Аллаға сансыз шүкір! Айтарым, ешқашан Алладан үміт үзбеңіздер. Басқа келген сынақты қабылдап үйреніңіздер. “Неге мен?” деп сұрамаңыздар. Алла Тағала сынақты тек көтере алатын пендесіне ғана береді. Тағы бір нәрсеге көзім жетті. Егер сен Алладан шын жүректен сұрасаң, Ол міндетті түрде береді. Алладан тек жақсы тілектер тілейтінмін. Сол кезде Құдаймен келісімге отыратынмын. Егер менің толғағым жеңіл болса, 20 мың теңге садақа беремін деп айтатынмын. Шүкір толғағым жеңіл өтіп, жеңіл босандым. Бұл аурудан түсінгенім, қымбат киім мен мүлік ешқандай ауруды жеңе алмайды. Денсаулықты ешқашан сатып ала алмайсың. Емізуді тоқтатқан соң ем шараларын қайта бастаймын", – деді Айым Нұрлыбекқызы.