"Ауруханаға қайта-қайта келсек те жатқызбады": Ақтауда 1 жасар сәбиінен айырылған әке дәрігерлердің салғырттығына наразы
Ақтауда 1 жасар сәбиінен айырылған әке дәрігерлердің салғырттығын айыптап, әділдікті талап етіп отыр. Айтуынша, қызуы басылмаған бүлдіршінді бірнеше рет ауруханаға апарса да, мамандар оны үйіне қайтарып, нақты диагноз қоймаған. Бөбектің әкесі дәрігерлер уақытылы емдемегенінен ұлынан айырылып қалғанына қайғырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Lada” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Lada.kz, сәбидің ата-анасының жеке архивінен
Сәби Абдулла Өтеген 2024 жылы 11 мамырда балалар жұқпалы аурулар ауруханасында көз жұмды. Сәбидің әкесі Ермек Нұрбаевтың айтуынша, алғашында Абдулланың қызуы күн сайын көтеріле бастаған. Сол себептен олар алдымен учаскелік педиатр көмегіне жүгінген. Бірақ температура төмендемегесін балалардың жұқпалы аурулар ауруханасына барған. Онда дәрігерлер нәрестеде ЖРВИ бар деп болжап, дәрі-дәрмек жазып үйге жіберген.
“Емдеу нәтиже бермегесін жеке инфекционистке жүгінуге тура келді. Ол жұқпалы аурулар ауруханасының ем шарасын жалғастыруды ұсынды. Алайда температура түспеді. Қайта жұқпалы аурулар ауруханасына баруға тура келді. Жедел жәрдеммен де, таксимен де ауруханаға қайта-қайта келсек те, 18 сәуірге дейін баланы ауруханаға жатқызбады. Демалыс күні төртінші рет барғанда қайтадан ЖРВИ диагнозын қойды. Бір аптадан кейін ғана диагноз пневмония мен цитомегаловирусқа өзгертілді”, – деді баланың әкесі.
Ермек кейін ауруханада баланың қызылшамен ауырғанын айтты. Бұл баланың жағдайын одан әрі ауырлата түскен.
“9 мамырда таңертең ұлымның жағдайы нашарлады. Ал 10 мамырда таңертең ол өздігінен дем ала алмады. Сол себептен жансақтау бөліміне ауыстырылды. 11 мамырда жүрегі тоқтап қалды. Бұрын тамақтанып, өздігінен жүрген бала жұқпалы аурулар ауруханасында жатып қалды. Қорытындыда өлім сепсистен болғаны көрсетілген. Біз дәрігерлерге ұлымыздың өмірі мен денсаулығын сеніп тапсырдық. Бірақ олардың әрекетсіздігі мен қателері өлімге әкелді”, – деді Ермек Нұрбаев.
Баланың әкесінің айтуынша, олар бұл істі қалдырмай, президент әкімшілігіне, денсаулық сақтау министрлігіне және Бас прокуратураға өтініш жазған.
“Бас прокуратура өтінішті одан әрі қарау үшін ІІМ-ге жолдады. Өз кезегінде ІІМ өтінішті қарау және тергеуді ашу үшін оны Маңғыстау облысының полиция департаментіне қайта жіберді. Аймақтың полиция департаменті қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес өтінішті қараусыз қалдырды. Алайда ІІМ өтінішті қайта бағыттау кезінде өтінішті қарау және оны тиісті базада тіркеу, сондай-ақ заңнамаға сәйкес тергеу жүргізу қажет екені туралы көрсеткен. Бірақ облыстық полиция департаменті тергеу жүргізу қажеттігі туралы толық таныспай, өтінішті қарауды аяқтады”, – деді Абдулланың әкесі.
Ермек Нұрбаев өңірдегі оқушылардың жаппай улануына байланысты өлім-жітім болмаса да тергеудің тез арада ашылғанына наразылығын білдірді. Ал бұл жағдайда сәби өліміне қарамастан іс бойынша тергеу жұмыстары тіптен басталмаған.
“Сонымен қатар мектеп оқушыларының ата-аналары дәрі-дәрмектерге қатысты дұрыс айтады. Ұлыма екі рет дәрі-дәрмек әкелуімді сұрады. Алғаш рет емдеуші дәрігері палатада болған кезде сұрады. Екінші рет балам жансақтау бөліміне түскенде директор ауруханада қажет дәрі-дәрмектің таусылғанын және оны әкелу керегін айтты. Дәріні Астанадан тауып, оны ауруханаға әкелгенімде, баламның көз жұмғанын естідім”, – деп қосты баланың әкесі.
Ермек Нұрбаев баланың қайтыс болу фактісі бойынша Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізгенін хабарлады.
“Тексеру нәтижесінде бірнеше дәрігер мен балалар облыстық ауруханасының директоры сәбидің көз жұмғанына қарамастан, жұмысқа немқұрайлы қарағаны мен заңнаманы сақтамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жазамен шектелді. Өңірдің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті де тиісті тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-бабының 2-1-бөлігіне сәйкес лауазымды адамға 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сол кезде ұлымды емдеу үшін нақты шара қабылдамаған маман әрі қарай жұмысын жалғастырып жатыр”, – деп ашуланды Ермек Нұрбаев.
Өңірдің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру нәтижесінде денсаулық сақтау басқармасы ауруханада баланың жағдайының ауырлығын бағаламағанын, кеш ауруханаға жатқызылғанын және дұрыс емдеу тәсілін қолданбағынын растады.
Ал өңірдің денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайда бала Қазақстан диагностикасы мен емдеу хаттамаларын басшылыққа ала отырып, толық көлемде ем алғанын мәлімдеді.
“Республикалық орталықтармен телемедицина, емдеуді түзету жүргізілді. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да, Маңғыстау облысы бойынша емдеу сапасын бақылау комитеті тарапынан да ауру тарихына талдау жүргізілді. Барлық қорытынды заңды өкілдерге берілді. Емдеуші дәрігер тексеріліп жатыр және қазір декреттік демалыста”, – деді Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын сақтау және медициналық көмекті үйлестіру жөніндегі басшысының орынбасары Асқар Махмұтов.