"Ауруханаға барып, бетінен сүйіп шықтым": Марқұм Құрманай Бақтиярқызының тұңғышы анасына жан тебірентерлік жазба арнады
Талай хит әндердің авторы, ақын марқұм Құрманай Бақтиярқызының тұңғышы Ханшайым анасына жазба арнап, көпшілікті жылатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/khansha_makeup/
Бет әрлеуші болып жұмыс істейтін бойжеткен анасының қазасынан екі күн бұрын, туған күнін атап өткен.
“Өзімнің туған күнімде маған жарық дүние сыйлаған анамды ауруханаға барып, бетінен сүйіп шықтым. Алланың ісіне шара жоқ. Өзі беріп, қайтадан шақырып алды. Мәңгілік сапарына шығарып салдым. Жарқыраған күн еді, менің арқа сүйерім еді ғой… Бәрін жүректен шыққан сөздерімен жұбататын. Жаназа кезінде үйден ғұсылын алдырып, сұлу боп шыққанда қимастық сезім қатты қысты. Раббыма көп дұға айттым. Періштелер әдемі иісімен күтіп алатындай етіп, шығарып салдым. Анашыммен жасалған қаншама ниетім бар еді. Меккеге бірге барамыз деп армандап едік. “Анашым, сәждеге маңдайың тиді. Енді бірге намаз оқиық, қара тасты бірге ұстап тілек айтамыз” деп едік. Жүрегіңнің иманы өзіңе серік болсыншы”, – деп жазды Ханшайым есімді ару.
Еске салайық, марқұмның ата-анасынан бұрын о дүниелік болғаны көпшіліктің қабырғасын қайыстырған еді.
“Осыншама адам мейрамханаға сыймай қалды. Қаншама көлік көше бойында тұр. Мұның бәрі Құрмашымның елге керек жан екенін көрсетіп тұр. Халықтың дұғасы Құрмашты жұмаққа алып баратыны сөзсіз. Алла көріп, естуші еді. Ата-анасы мен ұрпағының алдында кеткені өкінішті. Одан ауыр ештеңе болмас. Ешкімнің басына бермесін”, – деп жазған еді Гүлзира Үсенқызы.