Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әулетімізден 27 адам опат болды": Түркиядағы қазақ қызы зілзала күні балаларымен қалай құтқарылғанын айтып берді

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Қахраманмараш қаласындағы зілзаладан 48 мыңға жуық адам опат болған. Айтып келмейтін апат әлі де Түркияда оқтын-оқтын сезілуде. Бұлай деп түрік жеріндегі отандастарымыз ақпарат көзін растап отыр. Түркия Республикасының азаматымен тұрмыс құрған отандасымыз зілзала болған қорқынышты күндерді есіне алып, Stan.kz тілшісіне елдегі соңғы жаңалықтарды айтып берді.

Отандасымыз Перизат Өнгелбаева

Перизат Өнгелбаева 1983 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Диқан баба ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы қазақ-түрік лицейінің ( қазіргі "Білім-Инновация" - авт.) 2004 жылы болашақ күйеуімен танысып, содан Түркия республикасында 18 жылдан бері тұрады. 

"Бір қыздың және екі ұлдың анасымын. Үлкеніміз 14-те болса, одан кейінгілері 10 және 7 жеті жасқа толды. Жолдасым – түрік азаматы. Оның жасы 41-де. Құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Өзім Түркиялық ERSAG компаниясының Қахраманмараш қаласындағы бөлімінің директоры қызметін атқарамын.

Үйімізді жаңадан сатып алғанбыз. Баспанамызда төрт жылдай уақыт тұрдық. Жеті қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында пәтеріміз орналасқан. Бес бөлмесі бар. Өзі әдемі, әрі бізге де ыңғайлы еді. Жер сілкінісінен біздің үйіміз құлаған жоқ. Бірақ үкіметтен үйге кіруге ешқандай да рұқсат жоқ. Қазіргі кезде тез құлайтын үйлердің арасында бірінші баллдық жүйеде тұр. Одан кейін орта жағдайдағы үйлер де бар. Оларды да құлатуға жақында бұйрық шығарды. Азғантай ғана зақымдалған үйлерді жөндеуге рұқсат берді. Тұрғын үйіміздің төменгі қабаттары қатты бүлінген", – дейді ол. 

Перизат ханымның айтуынша, ата-анасы түрік азаматына тұрмыс құруына қатты қарсы болған.

"Екі жақтан да үлкен той жасалды. Тіпті, Түркияға келгеннен кейін екі күн тойладық. Өзіміз қалаған соң, әке-шешеміздің қарсылықтары сол күйінде қалған еді. Біраз уақыт өте келе, отбасым да бұл жағдайға үйреніп кетті. 
Түркияда айтарлықтай қиындық көрмедім. Өзім түрік лицейінде оқыған соң, Түркия жайлы мағлұматтарға қанық едім. Тілден де ешқандай қиындық болмады. Бұл жақтың арнайы салт-дәстүрлеріне уақыт өте келе үйрендім. 20 жылдай түрік жерінде тұрамын. Осыншама жылдар ішінде, бұл жақтың адамдарынан ешқандай да айырмашылығымыз жоқ. Барлық жағынан үйренісіп кеттім", – дейді отандасымыз. 

Кейіпкеріміз тұратын Қахраманмараш қаласы Түркиядағы зілзаладан қатты бүлінген аймақтардың бірі. Сол түні Перизат ханым үш баласымен бірге үйде болған.  

"Жолдасымыз үйде жоқ еді. Мен жатын бөлмеде болдым. Балаларым да өз бөлмелерін де болған. Жер дүмпуі қатты басталды. Балаларыммен бірге қатты қорықтық. Мұндай кезде дүрбелеңге салынбай, тез әрекет етуге тырысатынмын. Бірақ балаларымның қатты қорқып және жылағаны маған да әсер етті. Оларды төсектердің шетіне жатқыздым. 97 секунд шамасында бірнеше дүмпу болды. Бірінің артынан соң, бірі тоқтаусыз сілкінді. Сол сәтте дуалдардың қирап, ыдыс-аяқтардың сөреден құлағандарын естідік. Заттардың барлығы сынды. Үйдегі шкафтар да төнкеріліп құлады. Зілзала саябырси бастағанда, балаларыма төменге түсеміз дедім. 

Отандасымыз Перизат Өнгелбаева балаларымен

Сол сәтте мысығымыз үйде қалып қойған екен. Үлкен қызым мысықты іздеп жылады. Пәтерден шықсам, көршілердің барлығы қашып жатыр. Кейбіреулерінің үстінде киімдері де жоқ. Тіпті жалаң аяқ жүгіріп барады. Баспалдақтан түсіп барап жатып, киімдерің киіп жатқан адамдарды көрдім. Осы кезде үлкен қызым мысықты алмай кетпеймін деді. Қызыма үйдің құлайтынын айттым. Сонда да қызым кеткісі келмейді. Зілзала қатты болған соң, жарық пен байланыс жүйесі өшіп қалды. Үйдің іші қап қараңғы түнекке айналды. Мысықтың қайда кеткенін де білме алмадым. Қызымды қайта жұбатып, мысық үшін үйге келетінімді айттым. "Ол жануар біз сияқты емес, шкафтардың астына тығылып өзін қорғай алады" дедім. Оны іздесек, үйдің құлап кететінін ескерттім", – деп еске алады 40 жастағы әйел. 

Перихат ханым үш баласымен сыртқа шыққанда, күйеуінің бұларға қарай жүгіріп келе жатқанын көрген. 

"Төртеуміз сыртқа шығып үлгердік. Қалада у-шу басталып кетіпті. Көліктердің жарық шамдары жан-жақтан қаптап тұр. Адамдардың бәрі жүгіріп жүр. Біз көлігімізге міндік. Жолдасымызбен көлікте төрт-бес сағат отырдық. Одан кейін таң атты. Енді үйге мысық үшін кірейік дедім. Балаларыма берген сөзім бар ғой. Бірақ үйден мысығымызды таба алмадым.

Үш-төрт күндей Қахраманмарашта жанармай тапшы болды. Өзіміз де ешқайда шыға алмадық. Төрт күннен кейін көлігімізге жанармай құйып, үйге қайтадан бардық. Сөйтсек, мысығымыз жер сілкінісінен қатты қорқып секіріп кетіпті. Бесінші қабаттан өзін төменге тастап жіберген ғой. Мысығымыз қатты жарақат алып, сол жерде қалып, далада бізді күткен. Ақыры, қатты суықтан өліп қалыпты. Балаларым бұл оқиғадан қатты соққы алды”, – деп есіне алады ол.

Сөзінше, биліктен тек төртінші күні ғана көмек келіпті. Себебі қалаға кіретін барлық жолдар жарылып кеткен. Оған дейін халық өз күшімен күн көрген. 

“Ел билігі көмек беруге асықпады. Қаладағы аман қалған дүкендер жұмыстарын бастады. Азық-түліктер мен құтқарушылар төртінші күннен кейін келді. Бірақ бұл да жеткіліксіз еді. Тұрғындар дүкендерде не бар, соның барлығын ала берді. Халық қараусыз қалған дүкендердің есіктерін сындырып, іштегі азық-түліктерді алуға мәжбүр болды. Бұған билік басындағылар рұқсат етті. Тірі қалғандары суықтан тоңды. Жердің астынан көп адамның "құтқарыңдар!" деген жан айқайы естілетін. Техникасыз ашылмайтын қирандылар болған соң, адамдар құтқарушыларды күтуге мәжбүр болды. Ауыр техникаларды таба алғандар, өз адамдарын шығарып жатты", - дейді үш баланың анасы.

Кейіпкеріміздің жолдасының туыстары Қахраманмараш қаласының айналасында тұрады екен. Отандасымыздың айтуынша, бір әулеттен 27 адам опат болған. 

"Абысыным мен оның қызы да қайтыс болды. Олардың мәйіттерін үш күннен кейін, зорға дегенде үйіндінің астынан шығарды. Кейбір туысқандарымыз үй ішімен бірге ана дүниеге аттанып кеткен. Жаназа рәсімдерін орындайтын адамдары да жоқ. Ешқандай да діни рәсім жасалмай, жер қойнына көміле берді. Әр үй өздерінің жаназасы үшін жүгіріп жүрді. Ешкімнің біреуге көмектесетіндей шамасы болмады. 

Қайын ағамның жалғыз қызы бар еді. Оның қазасы маған қатты әсер етті. Биыл университетте 1-курста оқитын. Өзі сондай ақылды, зерек қыз болатын. Осы оқиғаның салдарынан анасы екеуі қаза тапты. Қайын ағам қатты жылады. "Қызым ақ көлек кимеді, оны ұзата алмадым" деп зарлады. Адамдардың бәрі де қара пакетпен көміліп жатты. Ешкімді ақ матаға орайтын мүмкіндігі жоқ. Қайын ағам "қызымды ақ матаға орағым келеді" деді. Билік өкілдері оған рұқсатын берді. Ақ матаны бір жерден тауып әкелдік. Жаназасында ешкім болмады. Қасымызға әйел имамды әрең дегенде таптық. Үш адамнан артық ешкім жоқ. Мен мәйітті жуғанда су құйып тұрдым. Қайын әпкем ары-бері аударып тұрды.Осылай мәйітті алғаш рет көрдім.  Бұрындары кішкентай қанды көрсем, басым айналып құлайтынмын. Мұндай жағдайда адамның еті үйреніп кетеді екен. Қыздың беті мен денесі қатты ісіп кетіпті. Есімі - Евру. Бірақ та Евруға мүлдем ұқсата алмадым. Тіптен басқа адамға ұқсап тұр. Евруды кебіндеп мазарға дейін апара жатқанда, бірнеше адамның көміліп жатқандарын көрдім. Әр адам өз жаназасымен әуре боп жүр", - дейді түрік халқының келіні жағдайды есіне алып.

Қазіргі кезде отандасымыз үш баласымен бірге Анкара қаласына уақытша қоныстанған. Ал жолдасы Қахраманмараш қаласындағы жұмысына қайта оралыпты.

"Он күннен кейін Қахраманмараш қаласынан кетуге мәжбүр болдық. Барлық жерде өліктер жатыр. Су мен азық-түлік бірде бар, бірде жоқ болып тұрады. Интернет байланысы да бірде ұстамай жатады. Қалада төрт-бес күннен кейін өліктердің иісі шыға бастады. Осыдан кейін билік "тек қана дайын суларды ішіңдер" деген. Мамандар қаладағы ауыз суларға инфекциялардың жеткенін хабарлады. Содан кейін де Анкара қаласына кеттік. Мұнда бір танысымыздың үйінде үш баламмен жүрмін. Балалардың психологиясы мен көңіл-күйлері бір қалыпқа келуі керек. Жер сілкінісіндегі жайттарды ұмытуы қажет. Мұнда ойлары басқа жаққа бөлінетін шығар деген үміттемін”, – дейді ол.

Қахраманмараш теңізге жақын қала. Содан кейін де қыста қар көп жауып, күн қатты суытпайды. Зілзаладан бір апта бұрын күн ашық болған екен. Кейіпкеріміз жер сілкінісі болатын күні қалаға қар жауғандығын айта кетті. Оған шаһар жұрты қатты қуанған. Артынша ауа райы құбылып, жер сілкінгенде қар аралас жауын жауыпты. 

"Биліктегілер бір жыл ішінде үйімізді қайтарып береміз дейді. Бірақ қираған үйінділерді тазалау жұмыстары біткен жоқ. Сондықтан да үлгермейтін сияқты. Үкімет қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Қахраманмарашта 1,5 миллион халық тұрады. Қазақтардың саны өте аз. Миллионға жуық адам қаладан кетіп қалды. Қалада қалғандары шатырларды паналап жатыр. Баспаналарының қайтарып берулерін күтіп жүрген халық көп. Билік пәтер жалдап жатқандарға көмектесуде. Бала-шағасының оқуларын басқа қаладан жалғастырып жатқандарға да ақшалай көмек берілуде. Барлық клиникалар зардап шеккендерге ақысыз қызмет көрсетеді. Бәрі осылай болса да, бұрынғы өмірге оралу оңай емес”, – дейді келіншек.

Сөзінше, қалада әлі де құлаған үйлер сол күйінде жатыр. Кезек-кезегімен үйлердің қирандысын тазалап, жүк көліктеріне қаза болған мәйіттермен бірге, қираған үйлерді салып жатыр. Қалада ауыр иіс бар дейді ол.

Жат елдегі қазақ қызы жыл сайын ата-анасына келіп тұрады. Сонда да бұл оқиғадан кейін Қазақстандағы туыстарын қатты алаңдағандығын жеткізді.

"Зілзаладан кейін ата-анам үш күндей менен хабар алмады. Олар Қазақстанға алдыру үшін барлық жолды жасап қойыпты. Бірақ бұл жерді тастап кете алмаймын. Қиын сәтте кетуім дұрыс емес деп түсіндірдім. Оларға да оңай емес. Бізде әлі де жер сілкініп тұрады", - дейді ол. 

Қахраманмараштағы отбасының басқа қалаға көшеміз деген әзірге ойлары жоқ. Күйеуімен бірге нақты шешім қабылдамаған. 

"Қахраманмараш Түркиядағы үлкен қалалардың бірі. Дамып жатқан жаңа қалалардың қатарында деуге де келеді. Мұнда Түркиядағы алтын қоры көп болып есептеледі. Жіпті өру мен мата шығарудан ең үлкен түрік фабрикалары осында орналасқан еді. Қызыққа толы, тарихы терең қала болатын", – дейді сұхбат беруші. 

 

Қадірәлі САРЫПБЕК


 

Талқылау