Ауыр жағдайға тап болды - Кремль өкілі Қадыровтың денсаулығына қатысты сұраққа жауап берді (видео)
Ресей президентінің әкімшілігінде Рамзан Қадыровтың денсаулық жағдайы туралы мәлімет жоқ. Кремль хатшысы Дмитрий Песков Шешенстан басшысының ауруханаға жатқызылуы туралы ақпаратқа осылай жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
"Бізде бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат жоқ. Президент әкімшілігінің Қадыровтың денсаулығы туралы анықтама беруі екіталай. Сондықтан бұл туралы айтар ештеңеміз жоқ", - деді Кремль өкілі.
Айта кетейік, 15 қыркүйек күні Украинаның Бас барлау басқармасының (ГУР) өкілі Андрей Юсов Қадыровтың созылмалы ауруларының өршуіне байланысты "ауыр" жағдайда екенін айтты.
"Иә, шынында да, әскери қылмыскер Қадыровтың жағдайы ауыр. Бұрынғы ауруы асқынып, ауыр жағдайға тап болғаны туралы ақпараттар тарап жатыр”, – деді Юсов.
Ал Қадыров 17 қыркүйек күні әлеуметтік желіде серуендеп жүрген сәтінен видео жариялады.
"Интернетте шындықты өтіріктен ажырата алмайтындардың барлығына таза ауада серуендеп, ойларын ретке келтіруге кеңес беремін. Жаңбыр керемет қуаттандырады", — деп жазды Қадыров.
Дәл осы күні Мәскеудегі Президент әкімшілігінің Орталық клиникалық ауруханасының аумағына шешен нөмірлері бар көліктер келе бастады, деп хабарлайды ВЧК-ОГПУ телеграм-каналы.
"Бір сағаттың ішінде "шешен" нөмірлері бар көліктер Орталық клиникалық ауруханаға келді: екі күзет көлігі бар Майбах, Porsche Cayenne, төрт Гелендваген, екі BMW және т.б.", - деп жазды арна.
Ал "Верстка" басылымы, қыркүйек айының басынан бері Рамзан Қадыровтың бизнес ұшағы Мәскеуге үш рет ұшып келгенін хабарлады.
"Типтік ауыр бүйрек жеткіліксіздігі. Сондықтан жиі гемодиализ қажет. Ол Орталық клиникалық ауруханада емделіп жатқан сияқты", – деді журналист Алексей Венедиктов Қадыровтың жағдайы туралы.
Ол Шешенстан басшысы 3 шілдеде демалысқа шыққанын, оның демалыстан қайта келетін күні белгісіз екенін айтты.