Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне ақша жинаған: Ақтөбеде "MoreLife” қайырымдылық қорына қатысты сот басталды

Ақтөбеде "MoreLife” қайырымдылық қоры бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды (күдікті Бибігүл Жулина)

37 жастағы Бибігүл Жулина аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталуда.

Ақтөбе қаласының №2 сотына "MoreLife” фондының директорына қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық іс түскен. 7 жәбірленушіге 43 млн теңгеге материалдық шығын келтірілген. Зардап шеккендердің барлығы да мүгедек бала тәрбилеп отыр. 

Сәбиінің құлан-таза айығуын тілеп, қордан үмітті болғандардың арасында Альмира Аманғосова да бар. Шырылдаған ана тірнектеп жиған 5,5 млн теңгесін де қорға салып жіберген. Жәбірленушінің 4 жастағы сәбиі ауыр дертке ұшыраған. 

“Осы қорға үміттеніп өз қаражатымды да қосып едім. Үмітіме су сепкендей болды. Бізді ұзақ уақыт бойы бос уәдемен алдап жүрді. Халықтан жиналған ақша баланың еміне емес, біреудің қалтасына кетті”, – дейді ол.

Айыпталушының  үстінен 7 адам арызданған. Олардың айтуынша, қор құрылтайшысы ауыр дертке шалдыққан балалардың емделуіне қаражат жинауға көмектесеміз деген желеумен ақшаны қалтасына басқан. Зардап шеккендердің дені көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы жандар. Ашынған аналар бүгін әділдік талап етіп, сотқа келді. 

Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Процесс кезінде шу шығарып, құқық қорғау органдарына қарсылық көрсетті. Келесі сот отырысы 11- қыркүйекке белгіленді.

Еске салсақ, осыған дейін ипотекалық несие алуға көмектесемін деген желеумен 25 адамды алдап кеткен әйел ұсталған болатын.

Талқылау