Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы қаласындағы ауып кеткен үйдің тұрғындары пәтерлерін тастап жатыр

Алматы ықшам ауданының тұрғындары үйлерінің ауып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Пәтерлердің есігі жабылмай, қабырға мен үйдің іргетасында жарық пайда болған. Көп қабатты ғимарат кез келген уақытта құлауы мүмкін деп қорқады тұрғындар. Қазіргі уақытта мамандар зерттеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Эльмира Алимжанова пәтерін "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасы бойынша алты жыл бұрын алған. Алайда пәтеріне әбден жарық түсіп, бұзылған. Несиесін де әлі күнге дейін төлеп келе жатыр. Эльмираның айтуынша, оған дейін тұрған адамдар құрылыс ақауын жақсы жасырған. Бірақ бірнеше жыл өткен соң, есік-терезелері жабылудан қалып, қабырғасында сызат пайда болған. Пәтерлердің барлығының жағдайы осындай.

"Біраз болды үйдің ауып кеткенін байқадық. Көршілер үйдің шатырына шығып көрді. Не болғанын түсінді. Видеоға жазып алды. Біз маман емеспіз, бірақ үйдің бірнеше см-ге ауып кеткенін көрдік. Құрылыстың арасында тұратын темір тор бар, бұрын тегіс еді. Қазір майысып қалған. Подъездің алдында жарық пайда болған, бұрын жоқ еді", - деді Эльмира.

Тұрғындар бірден төтенше жағдай қызметкерлері мен шенеуніктерді шақырған. Жүргізілген өлшемдерге сәйкес, ғимараттың ауытқып кеткені белгілі болды.

Мұндай жағдай аталған ықшам ауданда бірінші рет кездесіп тұрған жоқ. Бірнеше көрші үйде де осындай жайт тіркелген. Бірден 32 см-ге қозғалып кеткен. Тұрғындар көшіріліп, үйдің жөндеу жұмыстары басталған. 

Шенеуніктер жүргізген тексеріс бойынша, ауытқу бар екендігі анықталды. Алайда қорқатын еш себеп жоқ деп тұрғындарды көшіруді кейінге ысырды.

"Үйдің нормадан тыс сәл ауытқуы тұрғындар үшін қауіп төндіріп тұрған жоқ. Қарашаның 12-сі түскен шағым бойынша азғантай динамика байқалады. Сондықтан қазір барлығын анықтап жатырмыз. Кейін шешім қабылдаймыз. Жағдай қиындап кетсе, эвакуацияны бастаймыз. Әзірге барлығы дұрыс", - деді Алматы қаласы әкімдігінің ыңғайлы қала ортасы басқармасының жетекшісі Қуандық Айтмағамбетов. 

Талқылау