"Қаладағы қауырт тірлікті ауылдың мамыражай тұрмысына айырбастадық": Қызылордадағы өркениет игілігіне қол жеткізген ауыл тұрғындары туралы не білеміз?
Бүгінгі күні ауылдан облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға көшуді армандайтын да, тырысатын да адамдардың саны аз емес. Ал қаладан ауылға ше? Мысалы, Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданындағы Ақарық ауылына соңғы кездері қаладан көшіп келіп жатқан жандардың қатары артқан. Бірі жұмыс бабымен, бірі отбасындағы жағдайға байланысты. Облыс орталығындағы тірлікті ауылдың мамыражай тұрмысына айырбастаған азаматтар кімдер? Олармен Stan.kz тілшісі танысып, сұхбаттасып қайтқан болатын.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Ақарық ауылы
Ақарық ауданнан алыс жатқан алақандай ауыл. Қазір мұнда екі мыңнан астам адам тұрады, жалпы 345 үй түтінін түтетіп отыр. Негізінен жергілікті халық егін шаруашылығымен күн көреді. Ата кәсіп төрт түлікті баптап отырған жанұялар да бар. Соңғы жылдары мұндағы халықтың саны біршама көбейген, облыс орталығынан көшіп келіп жатқан азаматтардың саны артқан көрінеді.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Ақарық ауылы
Солардың бірі – жас кәсіпкер Қайыржан Сүлейменов. Ол мектеп бітіргеннен кейін арман қуып, алып шаһарға кеткендердің бірі. Облыс орталығында өзінің кәсібін бастап, жан-жақты білім алды. Тәжірибе жинақтап, отбасын құрды. Қаланың өміріне әбден сіңіскен азамат ауылға көшу туралы шешім қабылдау оңай болмағанын жасырмайды. Тіпті қарапайым ғаламтор мәселесі алаңдатқанын мойындайды. Өйткені жұмысы интернетпен тікелей байланысты. Дегенмен, қазір дұрыс шешім қабылдағанына сенімді.
Қайыржан Сүлейменов, ауыл тұрғыны, жас кәсіпкер
"Үйдің кенжесімін, ата-анама қарау – перзенттік парызым. Ауылға көшіп келгенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Әрине, қалаға әбден үйреніп қалыппыз. Малды сату, әлеуметтік желі арқылы клиент табу, шетелдік мамандармен байланысу - барлығы интернетке тікелей байланысты. Басында қорқыныш болғаны рас. Бірақ қазір ауылда да өркениет игілігінен құр қалып жатқан жоқпыз", – дейді азамат.
Қазір Қайыржан ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Бордақы малды арнайы ұялы қосымшалар арқылы сатылымға шығарып, пайда табады. Бұдан бөлек Ақарықта су бақылаушысы болып жұмыс жасайды. Абоненттер ауыз су ақысын электронды түрде төлеуге машықтанып алған. Үлкен кісілердің өздері интернеттің осы бір мүмкіндігін ұтымды пайдалануды үйренген екен.
Жас педагог Ұлболсын Таңжарыққызы да ауылға жақында қоныс тепкендердің бірі. Ол Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі, қазір ауыл мектебінде "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы. Ұстаз ауыл балаларының болашағына үлкен сеніммен қарайды. Сол себепті шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруге тырысатынын айтады. Университет бітіргеннен кейін қалада қалып, жұмыс жасауға мүмкіндігі де болған. Бірақ өз өмірін ауылмен байланыстыруды жөн санаған.
Ұлболсын Таңжарыққызы, ауыл тұрғыны, мектеп мұғалімі
"Әрине, бастапқыда жүрексіну болды. Қалай болғанда да қаланың қым-қуыт тірлігіне үйренген жаспыз. Ауыл мектебінің материалдық-техникалық жағдайы қалай болар екен деп те уайымдадым. Балаларға заманауи талапқа сай білім бергім келді. Ол үшін ауылда сапалы интернет болу қажет. Қуанышыма орай, қазір бұл тұрғыдан ешқандай проблема жоқ. Шәкірттерім қаладағы оқушылармен теңдей білім алуда. Өзге облыстағы ұстаздармен де тығыз байланыстамыз, ешқандай жаңалықтан қалыс қалып жатқан жоқпыз. Пандемия кезінде онлайн сабақ беруден қорыққаным есімде. Бірақ интернеттің сапасы көңілімнен шықты, сондықтан бұл кезеңнен де аман-есен өттік", – дейді Ұлболсын.
Ақарық ауылы жоғары жылдамдықты LTE желісімен қамтылған. Осыдан біраз жыл бұрын Beeline мобильді операторы өз базалық станциясын орнатқан. Сондықтан тұрғындар жұмыста да, үйлерінде де ғаламтордың бар мүмкіндіктерін емін-еркін пайдалануда. Мәселен, Жазира Өмірбаева. Ол – білікті фельдшер. Дәрігерлер династиясын жалғап келе жатқан маман. Ақ халатты абзал жан көп жыл қалада білім алып, үздік емдеу мекемелерінде біліктілігін шыңдады. Жазираның туған ауылына оралып, жерлестеріне медициналық көмек көрсетіп келе жатқанына біршама уақыт болды.
"Қазір ауылда өмір сүру айтарлықтай қиын емес. Мұнда да тұрғындар үшін барлық мүмкіндіктер жасалынған. Интернет келгелі амбулаторияның жұмысы біраз жүйеге келді. Бұрынғыдай науқастар медициналық карталарын арқалап жүрмейді, барлық ақпарат ортақ базада бар. Науқастарды ауруханаға жатқызу, талдамаларға жолдама беру барлығы онлайн жүзеге асырылады. Халық та бұған әбден үйренген", - дейді маман.
Жазира Өмірбаева, ауыл тұрғыны, фельдшер
Осылайша, басында қаладан ауылға көшуге қорыққан кейіпкерлеріміз қазір бұл қадамға барғандарына еш өкінбейтіндерін айтуда. Әркім өз жұмысын жасап, күн көруде. Ал ауылдағы сапалы байланыс пен жылдам интернеттің арқасында олар жан-жақтан хабар алып, заман ағымынан қалыс қалмауда. Айта кететін жайт, бүгінгі күні Beeline байланысы мен интернеті 1500 астам ауылда қол жетімді. Бұл 2020 жылы басталған "250+" жобасы мен компанияның өз жоспарының шеңберіне атқарып жатқан жұмыстың нәтижесі. Тек Қызылорда облысының өзінде "250+" жобасы бойынша 50-ге жуық ауылда Beeline байланысы мен интернеті қолжетімді болды. Сондай-ақ, биыл компания өзі Арал, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы ауылдарда LTE желісін жақсартып, Қазалы ауданындағы Бірлік ауылына интернет өткізген.