Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауылдықтардың спортқа деген әуестігін арттырды": Жылдам интернетке қолы жеткен Түркістан облысының тұрғындарының бүгінгі жайы қандай

Елімізде ірілі-ұсақты ауылдар жетерлік. Көп жағдайда мұндай ауылдар облыс орталықтарынан жырақта орналасқандықтан интернет пен байланыс секілді өркениеттен тыс қалып жатады. Бұл мәселені шешу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі үш ірі оператормен бірігіп, 2020 жылдан бері "250+" жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарлама аясында елімізде ең ірі мобильді операторлардың бірі Beeline үш жыл ішінде 1000 аса елді мекенді жылдам желімен қамтыған. Өңірлердегі жағдай интернет келгелі бері қалай өзгерді? Stan.kz тілшісі көріп қайтты. 

"Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды”. Бүгінде кең жолақты интернетке қолы жеткен Еңбек ауылының тұрғындары қуанышын осылай білдіреді. Елді мекен  Түркістан облысына қарасты Тұрбат ауылдық округінің құрамына кіретін Қазығұрт ауданының орталығынан 21 шақырым жерде орналасқан. 700-ден астам тұрғыны бар елді мекенде 120 үй түтін түтетіп отыр.

Байланыс мәселесі үшін алаңдап келген тұрғындар жағдай 2020 жылы пандемия басталғанда ушыққанын айтады. Себебі онлайн оқу мен қашықтан жұмыс істеу үшін өңірде дұрыс интернет болмаған. Тіпті, өзге өңірлердегі туыстарымен хабарласу үшін ауылдықтар әуре-сарсаңға түсіп, ауылдық округтің орталығына қатынауына тура келген. Дегенмен халықтың мұңы биліктегілердің құлағына жетіп, ауылда осы жылдың жазында кең жолақты интернет орнатылыпты. 

Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Санабаев Елдос ауылға байланыс желісін орнату туралы ұсыныс түскен кезден бастап, ол толық іске қосылғанға дейінгі жұмыстың басы-қасында жүрген. Себебі өзі де – Еңбек ауылының тұрғыны. Туған мекеннің игілігі үшін барлық мүмкіндікті қарастырған маман жұмыстың қалай жүргені туралы қысқаша айтып берді.

"Ауыл тұрғындары біраз уақыт бойы байланыс желісін орнату туралы ұсыныс айтып жүрген. Өзім де сол ауылдың тұрғыны болғандықтан, барлық мән-жайды білетін едім. Бірден тиісті құжаттарды жасап, жеке компанияларға ұсыныс жолдадық. Олардың ішінде Beeline компаниясы байланыс желісін орнатуға ниет білдірді. Уақыт жоғалтпай, желі орнататын орын анықталып, ауыл толығымен интернетке қосылды", – дейді Елдос Санабаев.

Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Елдос Санабаев

Оның сөзінше, алғашқыда ауыл тұрғындары үлкен желі бағаны орнатылады дегенді естіп, үрейленген. Өйткені радиофобия туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Алайда түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң халықтың күдігі сейілген. Ал қазір интернетке ауыл тұрғындары дән риза дейді маман. 

“Қазір ауылдың әр тұрғыны өз бетінше интернетке еш кедергісіз кіріп, жұмысын бітіреді. Желінің жиілігі де жақсы. Ал интернет жылдамдығын ілгерілету үшін дабыл күшейткішті қолданып келген тұрғындардан ол қондырғыларды өшіріп тастауларын сұраймыз. Өйткені дабыл күшейткіштер байланысқа кері әсерін туғызады. Қазір олардың қажеті де жоқ. Өйткені ауылдың кез келген жерінен ғаламторға тез қосылу мүмкіндігі бар”, – дейді ол.

Ауылға байланыс мұнарасының орнатылғанына бәрінен бұрын мектеп мұғалімдері мен оқушылар қуанған. Өйткені елімізде карантин жарияланып, қашықтан оқыту жүйесі енгізілгенде, бірінші білім беру саласы қиындыққа тап болды. Ұстаздар шәкірттерімен қалай байланыс орнатуды білмей, абдырап қалған. Кейде байланыс іздеп, ой мен қырды жағалап жүруге мәжбүр болғандарын да жасырмады. 

"Ауылда интернет желісіне қосылу мүмкін болмаған соң, сабақ өтудің қосымша жолдарын қарастыра бастадық. Бастапқыда пошта арқылы немесе еріктілердің көмегімен сабақ өту туралы ой да келді. Дегенмен ең дұрысы – санитария-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптарды құру деп шештік. Ол сыныптарда 15 оқушы болды. Ал оған қосыла алмаған балаларға тапсырмаларды онлайн орындауға бердік. Интернет бірен-сараң үйде ғана болғандықтан оқушылар сол жаққа барып, жұмыстарын жіберіп отырды", – дейді Еңбек жалпы орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Сағындықов.

Еңбек жалпы орта мектебі директорының орынбасары Ақылбек Сағындықов

Ауылдағы шағын білім ордасында 172 оқушы білім алады. Алғашқыда интернет болмағандықтан карантин кезінде мектеп ұжымы балаларды кезекші сыныпта оқыту әдісін қолданған. Дегенмен кейіннен желі орнатылған соң оларды онлайн оқыту мүмкін болған. 

"Интернеттің арқасында балаларды үйден қауіпсіз түрде оқытуға көшуді ұйғардық. Оның үстіне ұстаздар мен балалар Zoom, Bilimland, Kundelik.kz сынды платформаларды еркін қолдана алатын болды. Бұған дейін педагогтер үшін Kundelik.kz порталымен де жұмыс істеу де қиындық тудырған еді. Ауылда байланыс мәселесіне тап болған соң, ұжыммен бірге құжаттарымызды арқалап, Тұрбат ауылында тұратын әріптесіміздің үйіне барып, толтырып жүретінбіз. Ал қазір ешқайда бармаймыз, кез келген қызметті кедергісіз қолданамыз", - дейді мектеп ұстазы. 

Қолжетімді интернеттің болмауы тек мұғалімдерді ғана емес, оқушылардың ата-аналарының да көңіліне қаяу түсірген. Балаларымыз қатарластарынан қалмай, еш кедергісіз оқу үшін қолдан келгенін бәрін жасадық деген олар екі жылдан бері енді бұл мәселе туралы алаңдамайтындарын айтады. 

"Бұған дейін ұл-қыздарымыз сабақтарын еркін оқысын деп Wi-Fi орнаттық. Оның өзі көңіл көншітпеді. Байланыс болмаған соң балаларымыз жоталарды аралап, төбеге шығып, әуреге түсті. Біз олар келгенше жүрегімізді шүберекке түйіп отыратын едік. Енді міне Beeline байланыс желісін орнатқалы бері қуанып отырмыз. Әркім өз интернетімен ноутбук, телефон арқылы үйде, жылы әрі ыңғайлы жерде сабақтарын орындайды", – дейді ауыл тұрғыны Ақнұр Тайсалова.

Сөзінше, бастапқыда байланыстың болмауы балалардың оқу үлгеріміне де әсер еткен.

"Онлайн оқу балалардың кезінде оқу үлгерімі төмендеп кетті. Тапсырмаларды орындағанымен, оны жібере алмай қиналдық. Бұған қоса үй жұмысын орындағанда басқа жақтан іздену керек. Бұл жағынан қатты қиналдық. Дегенмен мектеп мұғалімдері барынша түсіністік танытып, 2-3 күн кешіксек те, үй жұмысын қабылдайтын", – деді дейді ол

Бүгінде Ақнұр Тайсалова 5 бала тәрбиелеп отыр. Ол балаларының бос уақытын тиімді пайдаланып, интернеттен пайдалы курстар қарап, қажет ақпараттарын ала алатынына қуанады. Ал кішкентайларына түрлі қызықты мультфильмдерді қойып, көңілін аулайды. Сөзіне дәлел болуы үшін Ақнұр мектепте оқитын Қарақат есімді қызын шақырып, сабақты қалай қарайтынын көрсетуді өтінді. Оқушы білім алуға арналған бірқатар платформаларды қолданады екен.

"Сыныптастарымызбен басымыз қосылғанда, осы интернет туралы айтатын едік. Басқа жақта бар, неге бізде жоқ деп ойлайтынбыз. Ауылымызға тезірек қосылса ғой деп армандайтынбыз. Енді арманымыз орындалды", - деп қуанышын жасырмады ауыл тұрғыны Қарақат Исахмет.

Еңбек ауылындағы жаңа өзгеріс барлық салаға өз пайдасын тигізіп отыр. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желілердің барлық түрін тиімді қолдануға кіріскен. Мәселен, ауылдықтар Telegram желісінде бұқаралық спортты дамытуға арналған ортақ чат ашып, денсаулықтарына көңіл бөле бастаған. Әсіресе, ауыл жастары күнде жиналып, волейбол, баскетбол, футбол және т.б. спорт түрлерімен айналысады. Олар интернет арқылы тез команда жинап, қарсыластарымен келісіп, ойын өтетін уақыт пен орынды белгілейді. Ал бұған дейін тіпті команда жинаудың өзі біршама уақытты қажет еткен.

Интернеттің игілігін кәсіпкерлер де көріп отыр. Байланыстың келуімен диқандар мен шаруалардың жұмысы жеңілдей түскен. Бұл туралы бізге толығырақ ауыл биі Мұзаффар Ахметов айтып берді.

Ауыл биі Мұзаффар Ахметов

"Қазір ауылымызда "айшылық алыс жерлерден лезде хабар алғызды" деген жағдай болып тұр ғой. Интернеттің келуі әлеуметтік жағдайға да, ауыл шаруашылығы жұмысына да көмек болды. Кәсіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынас орнатуына үлкен септігін тигізді. Біздің ауылда мал шаруашылығы да, егін де жақсы дамыған. Егістік жерлерге астық тұқымдастарды егіп, жинау науқаны келген кезде оны өткізуде қиындықтар болатын. Ал қазір ауыл кәсіпкерлері елдің батысы бар, шығысы бар ма, бәріне егінін сатып отыр. Мал шаруашылығымен айналысатындар да Қазақстанның түкпір-түкпірінен клиенттер тауып жатыр. Соғымдарын астанаға дейін жіберуде. Осының бәрі интернеттің пайдасы ғой, ол болмаса осындай мүмкіндік болмас еді", - дейді ауыл биі.

Осы орайда, Ахметов Мұзаффар ауылдың бұрынғы жағдайын да еске алды. Бір жылдары жер астымен кабель тартып, оны 9 орынға орнатқан кезі де болған екен. Бірақ оның күші барлық тұрғындардың қолдануына жетпеген. Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа.

"Осы байланыс мұнарасын орнатқан барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымды айтамын. Ай сайынғы төлейтін интернет ақысы да айтарлықтай төмен. Дегенмен басқа да операторлар келсе деген тілегіміз де бар. Бір ғана хабармен шектелмесек екен", –  деген өтінішін де айтып қалды ауыл биі.

Еңбек ауылы – облыстың шеткері аумағында орналасқан шағын өңір. Дегенмен бұған қарамастан елді мекеннің тыныштығын сақтау – полиция қызметкерлерінің маңызды міндеті. Тұрбат ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Төлепбек Әбдіғаппаровтің осы қызметте жүргеніне 5 жылдан асқан. Қазір интернет келгелі бері оның жұмысы да жеңілдей түсіпті.

Тұрбат ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Төлепбек Әбдіғаппаров

"Бұрын ол ауылда мүлде байланыс болмады ғой, сондықтан ауылға қайта-қайта баратынбыз. Ал қазір күніне бір рет рейд жасаймыз, қалған уақыттарда халық өзі хабарласады. Ауыл тұрғындары барлық учаскелік полицейлерді таниды, нөмірімізді біледі, көмек қажет уақытта байланысқа шыға алады. Ауыл тыныш. Кешке қарай жас балалар да көп шықпайтын болды. Үйде отырып, интернет арқылы араласады. Еңбек ауылына байланыс мұнарасының орнатылғаны біздің де жұмысымызды жеңілдеткені рас", - деді учаскелік полицей.

Айта кетсек, Beeline компаниясының  өткен жылы атқарған жұмысының арқасында Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы интернеттің жылдамдығы орта есеппен 52%-ға өсті. Мобильді оператор 2022 жылы да Қазақстан бойынша байланыс пен интернет желісін орнату жұмыстарын жалғастырады. Желіні дамыту туралы ақпаратпен толығырақ компанияның сайтынан танысуға болады.  

Талқылау