Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауылдағы цифрлық экономика. Сіз ойлағаннан да жақын

Қазақстандағы электронды бөлшек сауда нарығы 2021 жылы 1 триллион теңгеден асты. PwC Kazakhstan компаниясының мәліметінше, бұл 2020 жылғы нарық көлемінен 75%-ға көп. Компания есепті Қазақстан цифрлық ассоциациясымен бірге жүргізген. Сонымен қатар өткен жылғы транзакция көлемі 45%-ға көбейіп, 37 миллионға жетті. 

"250+" бағдарламасын жүзеге асыру арқылы Қазақстанда ауылдардың басым бөлігі көптен күткен ғаламтор желісіне қосылды. Ал ғаламтор арқылы оның ең маңызды экономикалық қолданысы – тұтынушылық аударымдар қолжетімді болды. Дегенмен ауылдарда коммуналдық қызметті "цифрлық төлеу" жүйесі толығымен жетпеген әрі ауыл дүкендерінің барлығында банктің POS-терминалы жоқ. Бұған қарамастан ауыл – қолма-қол ақшадан бас тартуға арналған таптырмас алаң.

"Ауыл азаматтары жалақы мен зейнетақыны банк карточкалары арқылы алады. Сондықтан неліктен ақшаны картадан шешуден бас тартпасқа? Өйткені саудагерлерді төлем қабылдау үшін смартфонмен қамтуға қарағанда ауылдарға банкомат қою әлдеқайда қымбат. Байланыс мобильді оператордың, соның ішінде "250+" бағдарламасының арқасында шалғай ауылдарда да қолжетімді. Қолма-қол төлемге қарағанда ақшасыз төлем инкассацияны қажет етпейді. Ал ауылдағы инкассация – үлкен мәселелердің бірі. Бұл инфрақұрылым, қызметкер мен қауіпсіздікке қатысты. Бұдан бөлек электронды ақшаны ұрлау, жоғалту және бүлдіру өте күрделі", – дейді Tele2/Altel компаниясының мобильді қаржылық сервис бағытының жетекшісі Бекарыс Нұрымбетов. 

Бекарыс Нұрымбетов

Расымен, ауыл толығымен цифрлық сервис енгізу үшін керемет үміткер бола алады. Ауыл тұрғындарының қажеттілігі қала тұрғындарынікінен еш ерекшеленбейді: оларға да студент балаларына ақша аударып, тұрмыстық техника сатып алу керек, несие алып, несие өтеу, шоттарды төлеу қажет. Сондықтан мұнда мобильді аударымдар кез келген банкке қарағанда ыңғайлы болуы мүмкін. Әрі ауыл тұрғындарында қалаға барғанда өзімен қолма-қол ақшаны алып жүру қажеттілігі туындамайды. 

"Біз қазірден-ақ мобильді желі жабынының артуы арқасында елді мекендерде тұратын тұтынушылар арасында мобильді төлемнің көбейгенін байқап отырмыз. Мобильді коммерция сервисін қолданатын ауыл азаматтарының ай сайынғы аудиториясы жыл басынан бері 22% -ға артқан. Ауылдарда Android қолданушылары көп. Олар оқу, қосымша арқылы сұранысқа ие болған мультимедиялық контент үшін мобильді нөмірі арқылы төлем жасайды", – деп қосты Бекарыс Нұрымбетов. 

Бекарыс Нұрымбетов

Сарапшылардың пікірінше, "мол мәліметтер" мобильді операторларға ауыл азаматтарымен жұмыс кезінде көмектесе алады. Мәселен, таргеттелген ауыл аудиториясын құра отырып жекелей ауылдарда смартфон сатылымын ұйымдастыру тәжірибесін сәтті деп айтуға болады. Дәл осы принцип негізінде смартфонды ғана емес, өзге де заттарды сатуға болады. Аймақтарда кір жуғыш машина, жылытқыштар, теледидар, тоңазытқыш пен ұсақ тұрмыстық техниканың тапшы екені білінеді. Алайда ритейлдер үшін ауылдарда дүкен ашу тиімсіз, себебі тұрғындар санына қарай сұраныс та шектеулі. 

"Мобильді операторлардың білімі, ауылдардағы сұранысты алдын ала бағалау, көшпелі сауданы ұйымдастыру – мұның барлығы мақсатқа жеткізетін "win-win" амалдарды жасауға жол ашады. Ритейлдер кімге қандай тауарды, қандай бағада және қандай шартпен ұсынуды біледі. Ал мобильді операторлар операторлық скоринг қызметі арқылы ауыл тұрғындарының төлем жасау қабілетін бағалауды ұйымдастыра алады. Бұл азаматқа тұтынушылық несие беруге арналған. Ал азық-түлік несиесі біздің елде аса танымал емес", – деп түсіндірді Бекарыс Нұрымбетов. 

"250+" бағдарламасы арқылы ауылға ғаламтор қосудың артықшылықтары келесідей: инфрақұрылымдық кідірістер мен қауіп азаяды, толық цифрлық транзакциялық процестерді пайдалану қауіпсіздігі артады, баяу болса да, тұрғындардың қаржылық сауаты артады. 

Талқылау