Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері анықталды

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жылды түйіндеген мерекесіне орай мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды.

Мәдениет үйінің бұйымдарынан көрме фойесінде қолөнер ұсынылып, саттыққа ұсынылды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуы туралы бейнеролик көрсетілді.

Шараға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

“Баршаңыз ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің қорытынды жиынына қош келдіңіздер! Сіздерді ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке елде еңбек ететін, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істейтін, өңірімізді азық- түлікпен қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегінің жемісі деп білеміз. Халықтың әл- ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты”,- деді ол.

Ауданның мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы саласында бірқатар жетістік бар. Ауданда шаруашылық құрылымдары мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмектердің игілігін көріп отыр. шаруашылығы Ауыл азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді, - деген Жұмагелді Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне, шаруашылық құрылымдарына алғысын білдірді.

Аудан басшысы Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысының алғысхатын Сарой ауылдық округінің ветеринарлық дәрігері Нұрбек Мырзағалиевке тапсырды. Аудан әкімінің алғысхатымен Жетікөл ауылдық округіндегі "Атил-Гейх" ЖШС директоры Марат Қазмағамбетовті марапаттап, иығына шапан жапты. Шолақаңқаты ауылдық округінен "Абай" ШҚ жетекшісі Тимур Жолжанов аудан әкімінің алғыс хатына, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" марапатына ие болды.

"Жарқын Тастемір" ШҚ жетекшісі Нұрберген Серікқалиевке "Үздік жас фермер", аудандық ветеринарлық станцияның ветеринар маманы Әділхан Альмурзинге "Үздік ветеринар", Алғабас ауылдық округіндегі "Әжіғалиева" ШҚ бригадирі Мұралбек Ғабдуллинге "Үздік агроном", Жымпиты ауылының ескі көпір бағытының бақташысы Қайрош Райымовқа "Үздік бақташы", Шолақаңқаты ауылдық округі "Нұрдәулет" жылқышысы Амангелді Баймұқановқа "Үздік жылқышы", Сарой ауылдық округінің "Серік" ШҚ жұмысшысы Дархан Есқалиевке "Үздік механизатор", Талдыбұлақ ауылдық округіндегі "Көктөбе", "Шырдай" Қ комбайыншы, тракторшысы Талаптан Каримовке "Үздік комбайыншы" аталымы табысталды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. 

Талқылау