"Ауыл" партиясы елді мекендердегі шаруашылық тауарларын өндірушілерді салықтан босатуды ұсынды
"Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары ҚР премьер-министрі Алихан Смаиловқа ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету бойынша депутаттық сауал жолдады.
Депутаттар ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы тауар өндірушілерге қолдау көрсету екенін алға тартты. Одан бөлек, ең өзекті мәселелерге жататын азық-түлік тауарларының қымбаттауын қозғады. Мәселені "Ауыл" партиясының фракциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағдары арқылы шешу ұсынылды.
“Шыны керек, "Ауыл – ел асыраушысы" десек те, іс жүзінде бәрі басқаша. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз", - деген еді мемлекет басшысы.
Осы мәселені ескере келе, "Ауыл" партиясының фракциясы келесідей ұсынысты жолдады:
“Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату.
Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар. Бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту”,- делінген депутаттық сауалда.
Бірқатар дәйектерді мысалға келтіре отырып партия депутаттары еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейтінін алға тартты. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің нөл бүтін оннан бес пайызына да жетпейді.
Салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал ететінін айтқан шенділер соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш тілектер жолдағанын мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаймақ.
“Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыда баяндалған мәселенің тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қарастырылуына және шешім қабылдануына ықпал жасауыңызды сұраймыз”,- делінген депутаттық сауал хатында.