Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыл әйелдерін қолдау керек": "Ауыл" партиясының мүшесі қыз-келіншектердің еңбек жағдайын жеңілдетуді ұсынды

Татулық пен берекенің, ұлағат пен өнегенің ұйытқысы болған әйелдер барлық құрметке лайық. Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдің бойында қаншама күш-жігер бар. “Ауыл” партиясының мүшесі, саясаткер, жазушы Қарақат Әбден ауыл әйелдеріне көрсетілетін қолдаудың да сапасын арттыру керек екенін алға тартып, ұсыныстарымен бөлісті.

Партия мүшесі ауыл әйелдерінің зейнет жасын қысқарту мәселесін алға тартты.

“Шыны керек, көп жағдайда 55 жастан кейін әйелдердің денсаулығы жұмыс істеуге жарамайды. Түрлі кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген әйелдер бар. Тіпті ресми жұмыс істемесе де, ауылда қол қусырып отыратын әйелдер жоқ. Ауыл әйелі үнемі шаруада. Осы орайда қала және ауыл әйелдерінің мүмкіндігін салыстыру қиын. Әрине, күннің ыстығына да, суығына шыдап жүрген ауылдағы әйел-аналардың тұрмысы оңай емес. Сондықтан ауыл әйелдерінің зейнет жасын бөлек градация бойынша есептеген жөн”, – деді ол. 

Қарақат Әбден тағы бір маңызды мәселе деп бала тәрбиелеп отырған кезеңде де әйелдерді "қызметкер" деп танып, осы мерзімді еңбек өтіліне қосу жөнінде де ұсыныс айтты.

“Сонда әйелдеріміз еш алаңсыз бала тәрбиесіне, оның дамуына көбірек көңіл бөле алатын болады. Көп балалы әйелдердің саны артып келеді. Ел демографиясын дамытумен қатар жұмыс істеп жүрген әйелдер аз емес. Олар ешқашан қиындыққа мойымайды, бірақ оларға қамқорлық танытқан жөн”, – деп қосты саясаткер.

Сонымен қатар ол ауылдағы әлеуметтік маңызы бар мекемелерде еңбек етіп жүрген қызметкерлер үшін ауылдық коэффициент енгізуді ұсынды.

“Олардың басым бөлігі әйелдер. Мәселен, қазір ауыл мұғалімдері қала мұғалімдеріне қарағанда көбірек жалақы алады, себебі олардың қосымша коэффициенті бар. Үкімет тарапынан бұл өте жақсы шешім болды. Бірақ ауыл тұрғындарының бәрі мұғалім болып жұмыс істемейді ғой. Сондықтан ауылдағы әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек етіп жүрген қызметкерлерге де арнайы коэффициент қосылу керек деп есептеймін”, –  деді Қарақат Әбден. 

Тапсырыс беруші: "Ауыл" ХДПП;

"Ауыл" ХДПП сайлау қоры қаражаты есебінен төленді