"Ауғанстанға депортациялайды": Пәкістанда тұратын этникалық қазақтар Қазақстан билігінен көмек сұрады
Видеодан скрин
Пәкістанда тұратын 300 этникалық қазақ Қазақстан билігінен тарихи отандарына қайтаруды сұрап үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ZTB басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Олардың айтуынша, олар Пәкістанға екі жыл бұрын Ауғанстаннан көшіп келген екен. Қазір Пәкістан билігі оларды қайта Ауғанстанға депортацияламақ.
Пәкістандағы этникалық қазақтардың өкілі Хамит Жорабай есімді азамат Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жүгінгендерін, алайда әзірге ешқандай көмек келмегенін айтады.
“Пәкістан биілігі осы жылдың 30 тамызында бізді Ауғанстанға қайта депортациялайтындарын мәлімдеді. Біз Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жүгіндік, әзірге ешқандай көмек жоқ”, – дейді Хамит.
Хамиттің айтуынша, басты мәселе олардың қазақ екенін дәлелдейтін құжатары мен жеке бастарын анықтайтын төлқұжат, туу туралы куәлік секілді құжаттарының жоқтығында екен.
“Біз қазақпыз, қазақша сөйлейміз. Ұлтымызды дәлелдеу үшін бізге Ауғанстанға қайтып, құжаттарымызды алып келуді сұрап жатыр. Бұл біздің өмірізге қауіп төндіреді, мұны жасай алмаймыз. Бұған дейін біз екі рет ДНҚ тестін тапсырдық, оң нәтиже шықты, сондықтан бізге көмектеседі деп күтіп отырмыз”, – дейді Хамит Жорабай.
Этникалық қазақтар Қазақстан билігінен өздерін тарихи отандарына алып кетуді сұрап отыр.
“Мына жақта 40-қа жуық отбасымыз. 100-ге жуық бала бар. Біздің балаларымыз құжаттары болмағаны үшін оқи алмайды, жергілікті мектептер қабылдамайды. Бәріміз Қазақстанға барғымыз келеді”, – дейді Хамит.
Айта кетейік, этникалық қазақтар Пәкістанның Карачи қаласында тұрып жатыр.
Хамиттің айтуынша, оларға Қазақстанның елшісі келіп, жағдайларымен танысып, көмек көрсетуге уәде берген екен. Алайда әзірге ешқандай көмек көрсетілмеген.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Ерлан Саиров Пәкістанда тұратын 300 этникалық қазаққа Қазақстан билігінен шұғыл көмек қажет екенін айтып видео үндеу жариялаған еді.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
