Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ" деп аталатын кілемдеріміз 800 миллион долларға дейін экспортталады: Ауғанстандағы қазақ кәсіпкері атажұртында қызмет еткісі келеді

Ауғанстандағы қандастарымыздың барлығының дерлік жағдайы мүшкіл емес. Өздерін этникалық қазақпыз деп таныстырған қандастар арасында бизнес айналасында нан тауып жүргендері де бар. Солардың бірі – Насим Мұхаммед. Ол "Қазақ" атауымен кілем өнеркәсібін дамытып, өзге елдерге экспорттап жатыр. Ол жат елдегі өмірі мен өнеркәсібі туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Насим Мұхаммед (сол жақта)

Насим Мұхаммед Ауғанстан астанасы Кабул қаласында 1979 жылы дүниеге келген. Орта жүз ішіндегі Найман руынан тарайды. 

"Әкеміз атажұртынан 1935 жылдары Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласына көшіп келген. Ол кезде әкемнің жасы небәрі екі-үште ғана екен. Атам өмірден қайтқан соң, әкеміз жетім қалады. Сөйтіп, әкем хазар ұлтынан қыз алған. 1993 жылы  Пәкістанның Пешевар қаласында тұрдық. 2002 жылы Ауғанстанға қайтадан оралдық. Атамыз хазарлардың жерінде жатыр. Әкеміз Пәкістан республикасында тұрғанымызда қайтыс болды. Әкемізден төрт ер бала қалдық. Пәкістандағы кілем шығаратын өнеркәсібімізді Ауғанстанға алып келдік. "Қазақ" деп аталатын кілемдеріміз Пәкістан арқылы жылына 800 миллион долларға дейін экспортқа шыққан", – дейді кәсіпкер.

Насим Мұхаммед мырзаның айтуынша, әйелі тәжік ұлтынан. Басқа бауырларының жұбайлары жергілікті хазарлардан екен. 

"Бүгінде үлкен әулетке айналдық. Ауғанстанда атамның ешқандай да жақын туыстары жоқ. Әкемнің өзі 10-11 жасында әке-шешеден айырылды. Тарихи отанымыздан нақты қандай тағдырдың айдауымен көшкендерін білмеймін. Хазарлардың арасында өскен соң, басқа халықтарға жұтылып кетуге сәл ғана қалдық. Әкем аздап қазақ тілін білетін. Бізге руымызды өзі аманат қылып айтып кетті. 

"Кілем өнеркәсібіне кірісіп кетуімізге әкемнің әсері тиді. Атамыз да оған Ауғанстандағы қазақтардың көп нәрсені ұмытып бара жатқандарын айтатын. Қазақ екенімізді жоғалтпау үшін де осы кәсіпті бастадық. Қазақ кілемін жасап, оны ары қарай дамытып жүрміз. Бізден басқа түркімен, өзбектердің кілемдері де көп. Сондықтан да ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға әсер ететін шешім болды", – дейді 40-тан асқан ер азамат.

Қандасымыз ақпан айының басынан бері атамекенінде жүр. Қазақстанға келгендегі басты мақсаты өз өнеркәсібіне қойдың жүнін қолданғысы келеді екен. 

Насим Мұхаммед, жеке архивтен

"Ирак, Иран, Аустралия, Түркіменстан емес Қазақстаннан қойдың жүнін сатып алғым келеді. Қазақстан билігі қолдау көрсетсе, атамекенге инвестиция жасайтын ойым да бар. Қазақ кілемін әлемдік индустрияға айналдыруға дайынмын. Бұл менің немесе компаниямның ғана жұмысы емес. Қазақ билігі халқымыздың ұлттық мұраларын әлемдік деңгейге паш етуі керек. Бұдан бір-екі ғасыр бұрын Бұхара, Түркімен кілемдерінің арасында қазақ кілемі де ойып тұрып орын алды. Қайтадан мұндай әлемдік аренаға шығуымыз үшін өз елімізде өндіріп, ою-өрнектерімізді қосу қажет. Қазақстаннан басқа елдерге экспорт жасау да маңызды. Біз Пәкістан арқылы басқа елдерге экспорттаймыз, қызығын басқалар көруде. Егер қазақ халқы мен биілігі мені қолдаса, осыны өз атамекенім де жасауға болатын еді", – деп тілегін білдірді ол.

Сөзінше, кілемдерді өзге елде жасағаннан кейін, ол халықтың менталитетіне ыңғайластырады. Қазақстанда кілем өнеркәсібін ашатын болса, басты ниеті ұлттық ою-өрнектерді қосу болмақ.

"Біз қазақ кілемін барша әлемге әйгілі еттік. Еуропадағы жарыстардан бірнеше рет алға суырылып та шықтық. Қазағымыз Иран немесе Түркия елдерінің кілемдерін қолдағанша, ұлттық брендін қолдансын. Бәріміз бірігіп даладағы шашылып жатқан қой жүнінен, қазақ кілемін өндіре аламыз. Алдымен қойдан шикі жүнді алып, оны тазалаймыз. Одан кейін түрлі-түрлі сорттарға бөлеміз. Жіптерді иіріп кілем тоқуды бастаймыз. Соңғы процессте бояймыз. Қолдау болса, кілем тоқу техникасы мен фабрикасын Қазақстанға әкеле аламын. 30 жылдан аса атамнан қалған кәсібіміз Ауғанстан мен Пәкістан елдерінде дамыды. Қазақстанда олармен салыстырғанда болашақ әлдеқайда көп қой. Кілем өндірісінен жүн жинаудан бөлек, оларды сатуға дейін тәжірибелеріміз бар", – дейді сұхбат беруші. 

Жат жұрттағы қандасымыз Алматы қаласының базарларынан кілемдер бизнесін зерделеп жүр. Биліктен ешкімді де танымайды. Бірақ атажұртынан қолдау күтеді. 

"Біздің арманымыз атамекенімізге инвестиция жасау. Екі мемлекетке де өз пайдамызды тигіземіз. Қазақстанда далада жатқан немесе арзанға кетіп жатқан жүндерді сатып аламыз. Бұл қазақ билігі мен халқына да пайдалы дүние. Атажұртыма келгендегі басты мақсатым да осы. Елде бір нәрсені бүлдіріп немесе саясатпен айналысайық деген пиғыл жоқ. Кәсіп арқылы Қазақстан мен Ауғанстандағы қазақтардың арасын жақындастырғымыз келеді.

Біздің атамекеніміздегі бауырларымызға да жұмыс болса екен дейміз. Кілем тоқу өнеріне елді үйреткім келеді. Бұл бала кездегі арманымыз десем артық айтпаймын. Аталарымыздың ойындағы армандары да осы еді. Пәкістан мен Ауғанстанның атынан экспорт жасағанымызда "өз Қазақстанымызға мүлдем пайдасы тимейді ғой" деген ойлар да жиі мазалатын", – дейді арманымен бөліскен қандасымыз. 

Шетелдік кәсіпкер Қазақстанда кілем өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік көп екендігін айта кетті. Бүгінгі таңда Ауғанстанда билік ауысқаннан кейін, өнеркәсіп дамуы да қиындай түскен. Оның қазақтың ұлттық нақыштары мен әсем табиғатының көріністерін кілемдерге қосуға ойы бар. 

 

Қадірәлі САРЫПБЕК
 

Талқылау