Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауғанстандағы этникалық қазақ атажұртына қоныстануға көмектесемін деген алаяқтарға алданып қалған

Ауғанстандағы этникалық қазақтар тарихи мекендеріне оралуға түрлі жолдарды қарастырады. Елшіліктен мардымды жауап болмаған соң, алаяқтардың берген уәделеріне де сеніп қалады. Stan.kz тілшісі осындай Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұратын Хабиболла Қажы есімді азаматпен сұхбат жүргізді. Ол Астаналық азаматқа 1200 долларын (500 мың теңгеден аса) сеніп тапсырыпты. 

Хабиболла Қажы өзін алдады деген өзін Саид Омар деп таныстырған азамат, оң жақтан бірінші

Хабиболла Қажы – 1961 жылы Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында дүниеге келген. Отбасылы, жеті баланың әкесі. Балаларының кенже қыздарынан басқасы сырт елдегі жоғары оқу орындарында оқиды екен. Өздері мал шаруашылығымен айналысады. 

"Саид Омар деген азамат (өзін осылай таныстырған – авт.) Қазақстаннан 1200 долларымды (600 мың теңге – авт.) атажұртыңызға оралуыңызға көмектесемін деп алып, үшті-күйлі жоғалды. Әйелімнің алтындарын сатып, ақшамызды әрең дегенде жеткіздік. Бүгінде жағдайымыз қиыншылық халге түсті. Өзін Астана тұрғынымын деген.

Пәкістан астанасы - Исламабад қаласында жүргенде сөйлестік. Ақшаны жібергенімізге жарты жылдай уақыт өтті. 
1000 долларға атажұртыма шақырту жіберемін деп, 200 долларды өзіне Астанадан Шымкентке баруыма керек деді. Бір бастық сіздердің мәселелеріңізбен күтіп жатыр деген. Шақырту қағазды Пәкістанға жіберетін болып келістік. Осылай ақшамызды алып, хабарсыз кетті", - дейді сұхбат беруші. 

Хабиболла Қажы өзін алдады деген өзін Саид Омар деп таныстырған азамат

Кейіпкеріміз өзін алдағандар жайлы ақпарат баршаға жария болғанын қалайды әрі ақшаларын қайтарып алғысы келеді.

"Екіжүзді адамдарды елге көрсетіңіздер. Бұл кісі Мазари-Шариф қаласындағы бір қайын ағамыздың танысы болатын. Өзін Ауғанстанның қазақтарына жәрдем қылатынын айтты. Сопылық жолды ұстанып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. 200 долларды Омар Саидтың жеке өзіне жібергенбіз. Қазір телефоны өшірулі", - дейді 60-тан асқан ер адам. 

Жат елдегі қандасымыздың үлкен ұлында барлық дәлелдері сақталған. Бізге жіберген аудио жазбасында, аталған азамат ақшанын түскенін растайды. 

"Уалейкумассалям! Иә, мен сізге азанмен бір құжатты жіберемін. Соның атына жібере саласыз ғой", - дейді өзін Саид Омар деп таныстырған азамат. 

Келесі аудио хабарламасында 1000 долларды өзінің жиені деп, 23 жастағы бойжеткенге жіберуді сұрапты.

Сөзінше, ақшаның түскенін айтады.

Бізден үміт күткен қандасымыз, барлық мәліметтерді бізге жіберді.

Ақша аударымдарын жасайтын америкалық Western Union жүйесі арқылы алдымен 200 долларды, кейін 1000 долларды тағы да жіберіпті. 

Алаяқтарға ұрынғанын білген қандасымыз уайымнан төсек тартып қалған. Кабулдағы ауруханаға жүрегіне ота жасатқан. Қазіргі кезде денсаулығы бір қалыпқа келуде.

"Өзім алыс жақын туыстарыма да ірі көлемде қарыздармын. Емделіп шыққаныма енді ғана бес ай өтті. Ауғанстанда жұмыс та, ыстық тамақ та жоқ. Тұрмысымыз әуре-сарсаңға толы. Қазақстан елшілігінен визаны да ала алмадық", - дейді жеті баланың әкесі. 

Саид Омардан мәселенің жай-жапсарын білуге хабарласып едік, біздегі нөмірі өшірулі болып шықты. Facebook әлеуметтік желісінен де байланысқа шықпады. Бірақ "Отаным-Елім" атты заңгерлік компаниясының директоры ретінде, өзінің жеке парақшасын таныстырып қойған. Аталған компаниясы желіде бұған дейін де жұртшылықтың наразылығын тудырып, алаяқтықпен аты шыққан көрінеді.

Атамекеніме ораламын деп, сергелдеңге түскен қандасымыздың қолынан келер шара жоқ. Хабиболла Қажыға заңгерлік көмек көрсетіп, қолдау көрсеткісі келетіндер болса Stan.kz редакциямен байланыссаңыздар болады.

 


Қадырбек ӘУЛИЕАТА

Талқылау